ІІМ балалардың қауіпсіздігіне баса мән беруде
Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев қазақстандық балалар мен олардың ата-аналарына үндеу жолдады. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ІІМ жұмысының басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта елімізде бірқатар маңызды шаралар атқарылуда:
-
ювеналды полиция қызметінің жұмысы күшейтілді;
-
білім беру ұйымдарының маңында патрульдік жасақтар кезекшілік атқаруда;
-
мектеп маңындағы жол инфрақұрылымы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жақсартыла бастады;
-
кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді;
-
буллинг пен қысым көрсетуге қарсы заңнамалық шаралар енгізілді;
-
балалар мен ата-аналар тәулік бойы сенім телефондары арқылы көмек ала алады.
Сонымен қатар, мектептерде «Жас сақшы» атты полицейлік сыныптар ашылып, балалар ерте жастан құқықтық білім алып, жауапкершілікке үйренуде. Көптеген оқушылар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік жобаларға ерікті түрде қатысып, өз үлестерін қосып келеді.
ІІМ өкілдері ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ескертеді.