Генералдарымызбен мақтанамыз

0 4

Жуалы – айналасын Алатау мен Қаратау қоршаған, ауа райы өзгеше, қатал, қасиетті де киелі өңір. Жуалы десе ең әуелі аты аңызға айналған, ерлігі мен өрлігі бүкіл әлемге мәшһүр болған батыр Бауыржан Момышұлы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртаза еске түседі. Қасиет дарыған өлкені батырлар мен ақын-жазушылар мекені деп келген жұртшылық енді оны генералдар елі деп те атап жүр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Олай атаудың өзіндік себебі де бар. Өйткені бұл өңірден шыққан генералдардың қатары көп. Жалпы, бейресми ақпаратқа сенетін болсақ, Жуалыдан шыққан 20-дан аса генерал бар. Әрине, бұл жерде ескеретін мәселе, бұрын осы өңірде тұрып, кейін ата-жұртына көшіп кеткен, сол елде генерал шеніне жеткендер де баршылық екен.

Елдік пен ерлік таразыланған сол бір сын сәттерде, Ұлы Отан соғысы тұсында жуалылық жауынгерлер де ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ауданнан майданға 5 мыңға жуық ер азамат аттанып, оның жартысынан астамы ұрыс даласында қаза тапқан екен. 1500 жуалылық жауынгер соғыста көрсеткен ерліктері мен батырлықтары үшін КСРО-ның наградаларына ие болған. Солардың ішінде полковник Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Сөйтіп, жуалылық батырлар саны алтыға жетті. Ал қатардағы жауынгер Төрен Сейтаев пен Ипполит Шаповалов 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысты.

Ал генералдарға келетін болсақ, сол топтың көшін Қарулы Күштер генерал-лейтенанттары бастап тұр. Олар:

  1. Генерал-лейтенант Дмитрий Ковешниковтің балалық шағы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында өткен. Оған 1943 жылғы 17 қарашада Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. 1998 жылы 17 желтоқсанда Мәскеу қаласында дүниеден өткен.
  2. Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев 1952 жылы 25 маусымда Кеңес (бүгінгі Ертай) ауылында дүниеге келген. Ауған соғысының ардагері. 2008 жылы Халық Қаһарманы атанды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
  3. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Сейітжан Қойбақов 1954 жылы 5 наурызда Шыңбұлақ ауылында туған. Ол 2003 жылы генерал-майор атағын алды. «ҰҚК Құрметті қызметкері» белгісін иеленді. Сондай-ақ заң ғылымдарының докторы. ҚР ҰҚК академиясының басшы ғылыми қызметкері болды. 40-тан астам ғылыми публикациялары жарық көрген.
  4. Қазақстан Қарулы Күштерінің генерал-майоры Диханбек Сатылғанов 1954 жылы 7 мамырда Шетбұлақ ауылында дүниеге келген. 2005 жылы генерал-майор шенін алды. Бүгінгі таңда Диханбек ағамыз ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс, әскери бөлімдер және жедел іс-кимыл департаментінің директоры.
  5. Генерал-майор Владимир Трегубенко 1945 жылы қазан айында Шақпақ стансасында туған. Ауған соғысына қатысқан. Оған 1979 жылы генерал-майор атағы берілген. Бүгінгі таңда Мәскеу қаласында тұрады.
  6. Әуе қорғаныс күштерінің генерал-майоры Александр Тромбачев 1923 жылы Б.Момышұлы (бұрынғы Бурное) ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы ардагері. Генерал-майор атағын 56 жасында алған. 1986 жылы №1 Шерхан Мұртаза атындағы орта мектепте қырық бірінші жылғы түлектердің 45 жылдық кездесуіне қатысқан.
  7. Роман Чумаков (шын аты Рәсілхан) 1928 жылы Бақалы өзені сағасындағы Сарықайқаң деген жерде туған. Төрт-бес жасында жетім қалған. Ашаршылық жылдары Нұрлыкент ауылында ашылған балалар үйінде тәрбиеленген. Балалар үйінде ол сол мекеменің күзетшісі Роман Чумаковтың есімін алған. 1942 жылы ол арнаулы әскери мектепке алынып, Бішкек қаласында оқиды. Соғыстан кейін әскери училищені, Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы авиациялық институтты бітірген. 1961-1968 жылдары Вьетнам, Конго, Египет, Куба мемлекеттеріндегі әскери қимылдарға қатысқан. 1970-1981 жылдары Балтық жағалауындағы ПрибОВО-да генерал шенінде армия генералы қызметін атқарған. Ол 1982 жылы отставкаға шығып, Мәскеуде тұрақтап қалған.
  8. Генерал-майор Қуанышбек Үштаев 1976 жылы 10 қазанда Көлтоған ауылында туған. Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы.
  9. Ішкі істер қызметінің генерал-майоры Есен Демесінов 1938 жылы 15 сәуірде Қайрат ауылында дүниеге келген. Алматы орта кәсіптік, Қарағанды жоғары милиция мектептерін және Мәскеудегі ішкі істер академиясының жоғарғы курсын бітірген.
  10. Ішкі істер қызметінің генерал-майоры Тәттібай Дүйсебаев 1923 жылы Амангелді ауылында туған. Ұлы Отан соғысының ардагері. КСРО халық комиссариаты мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Горький қаласындағы өлкеаралық жоғары мектебін бітірген. 1996 жылы дүниеден өтті. Бұрынғы Амангелді ауылы бүгінгі таңда Т.Дүйсебаев атымен аталады.
  11. Ішкі істер қызметінің генерал-майоры Арыстанғали Заппаров 1969 жылы Жаңаталап ауылында туған. Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы болып істеген. Қазіргі таңда Түркістан облысы полиция департаментінің басығы.
  12. Қайсар Әбілекұлы Сұлтанбаев 1968 жылы Жуалы ауданында дүниеге келген. Бүгінгі күні Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор.
  13. Әділет генерал-майоры Тілебалды Ыбыраев 1928 жылы 10 қаңтар күні Қызыл Жұлдыз ауылында дүниеге келген. 38 жасында үшінші сыныпты мемлекеттік әділет-кеңесшісі, яғни генерал-майор атанды. 1999 жылы дүниеден өтті.
  14. Әділет генерал-майоры Ғабит Миразов 1965 жылы 19 қаңтарда Билікөл ауылында дүниеге келген. 1983-1985 жылдары Ауғанстан Республикасында азаматтық борышын өтеген. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Әскери басқармасының бастығы.

Айтыңыздаршы, елімізде осындай бір ауданнан шыққан генералдар шоғыры қайсыбір өңірде бар? Бар болса осына бөлісе отырыңыздар? Біліп қана қоймай ол өңірді де «генералдар елі» деп мақтанышпен айта жүрейік.