Ет және сүт өндірісінде оң динамика қалыптасып отыр
Ауылшаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығына тиесілі. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Балаби Сабырдың айтуынша, бүгінгі күні өңірдегі жалпы мал саны 3,7 миллион басты құраса, оның ішінде мүйізді ірі қара – 441,1 мың, қой саны – 3,1 миллион, жылқы – 179,7 мың, түйе – 8,3 мың басқа, ал құс саны – 1,8 миллионға жеткен, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 2,7 пайызға, сүт өнімдері – 1,6 пайызға ұлғайған. Мал басының өсуі арқасында 96056,4 тонна ет, 196747,1 тонна сүт өндірілген. Өткен жылдың он бір айында 4629,9 тонна ет және 539,8 тонна шұжық өнімдері экспортқа шығарылған. Экспорттаушы елдер Қырғыз, Катар, Кувейт, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран, Германия сияқты мемлекеттер. Экспортталған еттің 675,1 тоннасы сиыр, 1419,6 тоннасы қой, 0,4 тоннасы жылқы еті. Сондай-ақ 1721,5 тонна құс еті мен 813,1 тонна малдың ішкі өнімдері бар.
– Облыста ет өндірісін дамыту мақсатында сыйымдылығы 1000 бастан жоғары 9 мал бордақылау алаңдары жұмыс істеуде. Сондай-ақ 50 бастан 400 басқа дейінгі қуаттылығы 15 мың тоннаны құрайтын 43 шаруа қожалық және 400 бастан жоғары қуаттылығы 4 мың тоннаны құрайтын 2 агроқұрылым сүт өндірумен айналысуда. 2025-2026 жылғы мал қыстатуға 450,1 мың бас мүйізді ірі қара, 3,2 миллион бас қой-ешкі, 183,6 мың бас жылқы, 8,3 мың бас түйе түсті. Жем-шөп теңгеріміне сәйкес биыл қыстауға түсетін мал санына қарай 2,2 миллион тонна пішен, 480,3 мың тонна сабан, 119,9 мың тонна пішендеме, 92,1 мың тонна сүрлем дайындалды. Бұдан бөлек, қыстау орындарында өткен жылдан қалған 206,3 мың тонна шөп қоры бар. Жалпы, аудандарда 5862 мал қыстату орындары бар, оның 1020 шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм аймағында орналасқан. Қыстаулардағы малшыларға арналған 5564 тұрғын үй, 2184 қашар, 936 баз толық жөндеуден өтіп қыс мезгіліне алдын-ала дайындалды, – дейді Балаби Сабыр.
Ал, өңірде «Ауыл аманаты» жобасына бойынша 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтегі 8028 жоба қаржыландырылса, өткен жылы кері қайтарылған қаражат есебінен 6,2 миллиард теңгені құрайтын 875 жоба іске асырылған. Өткен жылы жоба аясында 3,2 миллиард теңгені құрайтын 437 жоба қаржыландырылып отыр. «Өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, жергілікті халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретін – ол инвестициялық жобалар. Сондықтан облыстың агро саласында 2027 жылға дейін құны 365 миллиард теңгеге 1,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 37 жоба іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде сүт тауарлы фермалары, құс фабрикалары, қой және балық шаруашылығы, көкөніс сақтау қоймалары, су үнемдеу технологиялары мен қайта өңдеу жобалары бар. Осы жобаларды жүзеге асыру аясында трактор-машина парктері жаңарып, кооперативтер ауылшаруашылығы техникасымен қамтылуда. Сондай-ақ жұмыс тиімділігін арттыру үшін шаруашылықтар жаңа технологияларды батыл енгізудің арқасында мал басы өсіп, сүт және ет өндірісінде оң динамика қалыптасып отыр», дейді басқарма өкілі.