Есірткіге қарсы күрес жайы сараланды

0 132

Облысымызда «Есірткісіз болашақ» жобасын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау күшейтілді. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі есірткі қылмыстарымен күрес және оның алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан шаралармен танысты. Іссапар барысында облыстық полиция департаментінің «Дельта-долина» арнайы бөлімшесінің, басқа да уәкілетті органдардың есебі тыңдалды. Кездесуде нақты нәтижелер сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.

Соңғы жылдары өңірде жабайы қарасораға қарсы күрес күшейіп отыр. Өткен жылы 1195 гектар аумақтан 1000 тоннадан астам қарасора жойылса, биыл бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып отыр. Нақтырақ айтқанда, 4514 гектар жерден 2581 тоннаға жуық қарасора шабылып, арнайы химиялық тәсілмен жойылған. Бұл көрсеткіштер облысымызда ғана емес, жалпы оңтүстік өңірде есірткі айналымының алдын алуға оң әсерін тигізіп отыр.

Прокуратура бастамасымен құқық қорғау органдары, Құқықтық статистика департаменті, полиция, сарапшылар және дағдарыс орталығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, тергеу процестері анағұрлым жеделдей түсті. Осы меморандум күшіне енгелі бері 35 қылмыстық іс бойынша сараптамалық қорытындылар бір тәулік ішінде дайындалып, айыптау үкімдері тез арада шығарылған.

Сондай-ақ синтетикалық есірткімен күрес те ерекше назарда тұр. Жүргізілген бірлескен іс-шаралар нәтижесінде оны тарату және тәркілеу фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда төрт есеге артты. Сонымен қатар, «ақша ізін қуу» қағидаты негізінде есірткі бизнесіне қатысы бар 64 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталды. Қаржы операциялары бойынша 5320 күмәнді есеп айқындалып, құқық қорғау органдарының бақылауына алынды.

Сапар қорытындысында облыс прокуроры құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билік арасындағы үйлесімді әрекеттестікті одан әрі күшейтуді, есірткі қылмысын жүйелі түрде бақылауда ұстауды және халық арасында алдын алу жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Аймақта есірткімен күреске бағытталған кешенді жұмыстар жалғасатын болады.