Ерлікке тағзым – елдігіміздің белгісі

0 205

Елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің заңды ізбасарлары Ауған соғысының ардагерлері. Қалай десек те, жат жерде болған Ауған соғысы біздің еліміздің болашағына да елеулі әсер еткені анық, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ресми деректерге қарағанда, Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңнан астам адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагерлері тұрады деген дерек бар. Олардың 3 мыңдайы мүгедектер қатарында. Ал бүгінгі таңда Жуалы ауданында Ауған соғысының 50-ге жуық ардагері тұрады.

Олар бүгінде өмірден өз орындарын тауып, кейбірі өз алдарына отбасы, шаруа қожалықтарын құрып жұмыс істеп жатса, кейбірі аудан мектептерінде ұстаздық етіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне, қоғамды дамытуға да белсене атсалысып жүр.

Ауданда біраз жылдан бері Ауған соғысы ардагерлерінің басын қосатан ұйым жұмыс істеп келеді. Оны аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерғали Тілеубеков басқаруда. Оның айтуынша, ардагерлердің бүгінде жастарға, әскерге шақырушыларға, мектеп оқушыларына елдік, патриоттық тәрбие беруде олардың өмірлік тәжірибелері де, айтар ой-пікірлері көп.

 Бүгін, міне, Ауған жерінен шыққанымызға 37 жыл толып отыр. Жыл сайын марқұм боп кеткен қарулас, майдандастарды 15 ақпан күні еске алып, аудандағы ескерткіштің алдында жиналамыз. Бұл күн біз үшін ауыр күн. Қаншама жолдастарымыздан айрылдық. Сол кездегі 18-20 жастағы қаншама жігіттер елге мүгедек боп оралды. Оны біз көрдік. Соғыста қаза тапқан 3 жауынгерлердің отбасына, ата-аналарына барып тұрамыз, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Бірақ, олардың балаларының орнын толтыра алмаймыз. Десек те олар біз барғанда өз балаларын көргендей қуанып, бар дәмдісін алдымызға қойып, дастарқан жайып қарсы алады. Ананың аты ана ғой… Жылаған ана, күрсінген ақсақалды көрдік. Бейбіт өмірдің қадірін соғыс көргендер жақсы біледі. Әрине, елімізде ешқашан соғыс болмасын! – деді ол.

Сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлері аудандағы әскери полкке барып, жауынгерлермен кездесулер өткізеді. Аудандық әскери комиссариатта да жастарды Қазақстан Қарулы күштеріне шығарып салуға үндеп, шақырушылармен кездесу өткізіп отырады.