Ерлік пен патриотизмнің символы

0 204

Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс Жалауы Жасасын!» атты облыстық ардагерлер өнер байқауы өтіп, оған аймақтың барлық өңірлерінен шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев аймақта қазір тек алты майдангер ғана қалғанын, «Барлығы майданға! Барлығы жеңіске!» деген ұранмен тыл еңбеккерлері де қажырлы еңбек етті деп атап өтті.

– Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын!  Сіздерге мықты денсаулық, жан тыныштығы, жақындарыңыздың қамқорлығы және ұзақ ғұмыр тілеймін. Ұрпақтарымыздың жүрегінде сіздердің ерліктеріңіз мәңгі сақталады, ал соғысқа қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің есімдері тарихта нағыз батырлық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі ретінде қалады, – деп майдангерлер мен еңбек ардагерлерін құттықтады Еркінбек Солтыбаев.

Сондай-ақ Қазақстанда 528 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын, соның ішінде біздің жерлесіміз Бауыржан Момышұлы 1990 жылы қайтыс болғаннан кейін осы жоғары атаққа ие болғанын еске салды.

2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтарға «Халық Қаһарманы» атағын ресми түрде берді. Бұл атақ Сарысу ауданынан шыққан Ибрайым Сүлейменовке де берілді. Сонымен қатар, Байзақ ауданынан Ағаділ Сұханбаев, Талас ауданынан Саду Шакиров және Шу ауданынан Сатар Естемесов секілді ерлердің есімдері кеңінен танымал.

Байқау барысында көрермендер соғыс кезеңінің әндерін тыңдап, сол дәуірдің рухын сезінді. Әрбір ән майданда шайқасқан және тылда еңбек еткен адамдардың ерліктері туралы еске салды.

Өнерпаздар мен ұжымдар жоғары шеберліктерін көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша Сарысу (бірінші орын), Жамбыл және Меркі аудандары (екінші орын), Байзақ және Т. Рыскұлов аудандары (үшінші орын) ие болды. Арнайы жүлде «Ветеран» журналына жарияланымдар жасаған Фатима Оразбековаға берілді.

Вокальді ансамбльдер арасында бірінші орынды Тараз қаласының «Әулиеата» ансамблі, екінші орынды «Ресей сұлуы» мен Сарысу ауданының ардагерлер тобы, үшінші орынды Меркі және Жамбыл ауданының ұжымдары өзара бөлісті.

Сонымен қатар, хор орындаушылар арасында бірінші орынды Тараз қаласының ардагерлері , екінші орынды Байзақ ауданының хоры, үшінші орынды Қордай ауданының ардагерлерінен құралған хор ұжымдары иемденді. Инструментальды орындау бойынша бірінші орынды Сарысу ауданының қатысушылары, екінші орынды Жуалы ауданы, үшінші орынды Т. Рысқұлов ауданына берілді. Соло вокалында Рая Айтақова, Күлназия Пірімкұлова, Мұрат Құсаинов және Тазакүл Станбекова жеңімпаз атанды. Би жанры бойынша бірінші орынды Жамбыл ауданынан келген Зейнеп Қалданова иеленді. Екінші орынды Шу ауданынан Ажар Ержанова мен Тараз қаласындағы «Алтын жас» ансамблі қанжығаларына байлады. Үшінші орынды Т. Рысқұлов ауданынан Ириты Молдасанова жеңіп алды. Байқаудың нәтижесі бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықтар табысталды.