Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесті

0 4

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді, — деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кездесуде өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысына қысқаша тоқталып, алдағы кезеңде атқарылар нақты мақсаттар мен ауқымды міндеттерге назар аударды. Әсіресе өңірге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және тұрақты жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 2029 жылға дейін іске асырылатын, 8,3 мың жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы құны 4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жоба бар. Биыл 161 млрд теңгеге 1,1 мың жұмыс орнын қамтитын 26 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 27,5 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асырылып, 550 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдырәліұлының мәліметінше, ауданға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд 828 млн теңгені құрады, оның 26 млрд 782 млн теңгесі жеке инвестицияға тиесілі. 2025 жылы жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып, 71 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2026 жылы құны 68,1 млрд теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін айтып, жаңа кәсіпорындарды іске қосу барысында жергілікті жастарды жұмыспен қамтуға басымдық беруді міндеттеді.

Ербол Қарашөкеев әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.

– Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі көп сөзді емес, нақты нәтижені талап етеді. Жергілікті атқарушы органдар жаңадан құрылатын Бала құқықтарын қорғау басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істеп, кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекелдердің алдын алуы қажет, – деді өңір басшысы.

Кездесу барысында Аса ауылы тұрғындарының «Амангелді» газ өңдеу зауытынан шығатын жағымсыз иіске қатысты наразылығы, сондай-ақ былтыр пайдалануға берілген теміржол үстінен өтетін көпірдегі жеделсатының (лифт) істемей тұрғаны әлеуметтік желілерде көтерілгені айтылып, аудан әкімінің орынбасарларынан жауап алынды.

Сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар аудан орталығының келбетін жақсарту, балалар ойын алаңдарының сапасы, қоғамдық көлік қозғалысы, білім беру нысандарын салу, көпбалалы аналарды сауықтыру, жеке тұрғын үй құрылысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оңалту орталығын ашу, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау сынды бірқатар маңызды мәселені көтерді.

Тұрғындардың басым бөлігі газ қызметінің сапасыз жұмысына қатысты шағым білдірді. Бұл мәселені жан-жақты зерделеу үшін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бір ай мерзім беріліп, нәтижесін жеке баяндау тапсырылды.

Интернет сапасына байланысты жауапты мекемелердің берген жауабына қанағаттанбаған облыс әкімі аппарат басшылығына арнайы тексеріс жүргізуді жүктеді.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтерді. Аймақ басшысы бұл түйткілдің өңірдің бірқатар ауданында өзекті екенін атап өтіп, мәселе республикалық деңгейде қарастырылатынын жеткізді.

Кездесуден кейін облыс әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы өтті.