Ербол Қарашөкеев Қордай аудандық ҚХА-ның алғашқы сессиясына қатысты

0 76

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қордай ауданында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) алғашқы сессиясы өтті.

Басқосуға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан әкімі Бегзат Болатбеков, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктер, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Бұл сессия Президенттің ҚХА-ның XXXIV сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыруды талқылайтын маңызды алаңға айналды.

Ербол Қарашөкеев қатысушыларды Қордай ауданында ҚХА сессиясының ресми ашылуымен құттықтады.

– Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» қағидасына сәйкес еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.

158 мыңнан астам халқы бар Қордай ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл аймақта ҚХА-ның құрылуы – ел бірлігі мен тұрақтылығын арттыру жолындағы нақты әрі маңызды қадам, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі әрбір этностың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарап, ұлттық бірлікті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бұл тек күнтізбелік дата ғана емес, бірлігіміздің, татулығымыздың, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылдық шежіресі. Осы уақыт ішінде Ассамблея тек қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің ғана емес, азаматтық қоғамды дамытудың маңызды тетігіне айналды.

Ассамблея жанынан құрылған Ақсақалдар мен Аналар кеңестері, аудандық этномәдени бірлестік жетекшілері рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттап, ұлттық салт-дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жалғап келеді.

Сіздер еліміздегі әрбір этностың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап қана қоймай, оларды қоғаммен үндестіріп, бірлік пен өзара құрметтің үлгісін көрсетіп келесіздер. Осындай қоғамды біріктіріп, елді ұйыстырып жүрген еңбектеріңізге зор алғыс білдіремін! – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ қордайлық 8 этномәдени бірлестіктің бастамасымен биыл 22,2 млн теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілгенін жеткізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қордай ауданында Достық үйін салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанына да тоқталды.

– Бұл маңызды әлеуметтік нысан – аудан аумағында тұратын халықтардың бірлігі мен келісімінің символына айналып, этносаралық татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді.

Біздің мақсатымыз – келешек ұрпаққа тату ел, тыныш қоғам, дамыған мемлекетті мұра ету, – деп сөзін түйіндеген өңір басшысы қордайлықтарды ел игілігі жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Сессия барысында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай аудандық этномәдени бірлестіктердің атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасады.

Сондай-ақ «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Камила Дургалова «Бірлік пен татулық – достықтың кепілі» тақырыбында сөз сөйледі.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ел мен жердің амандығын тілеп, ақ батасын берді.

Кездесу соңында облыс әкімі қатысушылармен бірге естелікке суретке түсті.