Енді көлікті автолизинг арқылы алуға болады

0 6

1 желтоқсанынан бастап елімізде азаматтарға арналған автолизинг жүйесі ресми түрде іске қосылады. Бұл бастама қазақстандықтардың көлікке қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік жүктемені азайтуға бағытталған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Аталған жобаны Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының өкілі Олжас Құспеков жария етті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты қолдау және әлеуметтік қысымды төмендету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, енді азаматтар автокөлікті тек жеңілдетілген несие арқылы ғана емес, лизингтік жүйемен де рәсімдей алады. Яғни жаңа тетік бойынша ел тұрғындары көлікті белгілі бір мерзімге бөліп төлеп пайдалана алады. Мерзім аяқталған соң автокөлікті толық меншігіне рәсімдеуге немесе лизинг берушіге қайтаруға мүмкіндік бар.

Бұл бастама Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген түзетулер негізінде «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, автолизинг бағдарламасы ішкі нарықтағы бәсекені күшейтіп, көлік бағасының тұрақтануына және азаматтардың жеке көлікке қол жеткізуіне жол ашады.

Депутат Олжас Құспеков бұл мәселені алғаш 2023 жылы Respublica партиясы көтергенін атап өтті. «Көпшілік үшін көлік алу – үлкен сынақ. Несие пайызы жоғары, алғашқы жарна жинау қиын. Екі жыл бұрын осы мәселені көтерген едік. Енді сол ұсынысымыз нақты іске асып, халық үшін қолжетімді тетік пайда болды», – деді халық қалаулысы.

Мамандардың пікірінше, автолизингтің енгізілуі мыңдаған отбасына өз көлігіне қол жеткізуді жеңілдетіп, жастардың еркін жүріп-тұруына, жұмыспен қамтылуына және өмір сапасының артуына оң әсер етеді.

Respublica партиясы әлеуметтік бағыттағы осындай жобаларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асыруға ниетті.