Енді азық-түлік бағасын шарықтатқандар қатаң жазаланады
Сауда және интеграция министрлігі ӘҚБтК-ке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін асырғаны үшін бизнес өкілдеріне әкімшілік жазаны қатаңдату жөнінде түзету әзірледі, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова 3 қыркүйекте өткен ӘМАТ бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте өзгерістер жобасы бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілгенін, құжат жақында Парламент Мәжілісіне жіберілетінін айтты.
«Қолданыстағы Заң бойынша әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне 15%-дан артық үстеме қосуға болмайды. Кәсіпкердің заңды бұзғаны анықталған жағдайда, бірінші жолы ескерту беріледі. Өзгерістер осы ескертуді 5-тен 150 АЕК-ке дейінгі айыппұлға ауыстыруды көздейді», деді Айжан Бижанова.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік өнімдерге сауда үстемесін асырғаны үшін 2023 жылдың 8 айында 760 қаулы, ал биыл жыл басынан бастап 29 тамызға дейін 11,8 млн. теңге сомасына 2807 әкімшілік қаулы шығарылған. Яғни, былтырғыдан 4 есеге көбейген.