Астанада әскери шеру қалай өтеді?
Астанада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты әскери шеру өтеді. Биылғы шара – ерекше. Себебі, ел халқы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтпек. Осыған орай ұйымдастырушылар шеруді бұрынғыдан да ауқымды етіп өткізуді көздеп отыр. Салтанатты шара Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ елі» монументінің маңында өтеді. Бүгінде елорда көшелерінде қызу дайындық жүріп жатыр. Қала тұрғындары күн сайын сап түзеген әскери бөлімшелер мен шеру тәртібімен жүйткіген техникаларды көріп жүр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Шеруге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 4000-нан астам әскери қызметші қатысады. 24 парадтық есептоп сап түзеп, Отан алдындағы антқа адалдықты паш етеді. Жаяу әскерлердің саптық жүрісі – еліміздің қорғаныс қабілетінің тірегі саналатын жауынгерлердің тәртібі мен дайындығын айғақтайтын көрініс.
Мерекелік шерудің келесі бөлімі – механикаландырылған әскери техника шеруі. Бұл жолы көрермен назарына тарихи жауынгерлік машиналармен қатар, заманауи қару-жарақ пен брондалған техникалардың жаңа үлгілері ұсынылады. Жалпы саны 200-ден асатын әскери техника колоннамен жүріп өтіп, ел армиясының техникалық қуатын паш етпек.
Шерудің шарықтау шегі – әуе парады. Биылғы ерекшелік – әуе шоуының ауқымдылығы. Қазақстанның майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиациясынан құралған 66 ұшу аппараты елорда аспанында қатар қалықтайды. Қуатты қозғалтқыштардың гүрілі мен аспанды тіліп өтетін авиациялық шеру – ел әуе қорғанысының мызғымас қалқаны мен айбынды рухының символына айналады.
Салтанатты іс-шараға дайындық барысында қауіпсіздік пен тәртіпке баса мән берілуде. Қала тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы да назардан тыс қалмаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 7 мамыр күні ел жүрегінде өтетін бұл шеру – тек әскери қуаттың емес, сондай-ақ халықтың бірлігі мен патриоттық рухының көрінісі болмақ.