Еліміздің екі облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы облысы мен Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар тасжолдарда жүк және қоғамдық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылып отыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлап отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Алматы облысындағы «Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» тасжолының 36-67 шақырым аралығы, төлемақы алу пунктінен Қонаев қаласына дейін, сондай-ақ «Алматы-Шелек-Қорғас» тасжолының 24-136 шақырым аралығы, төлемақы алу пунктінен Шелек ауылына дейін жүк және қоғамдық көлік түрлерінің қозғалысына рұқсат етілмейді. Шектеу бүгін сағат 9:00 шамасында енгізілген.
Аталған жол учаскелерін шамамен сағат 13:00-де ашу жоспарланған.
Ал Жамбыл облысындағы «Астана-Қарағанды-Алматы» тасжолының 2152-2214 шақырымы аралығы, Бұрылбайтал ауылынан Алматы облысының шекарасына дейін көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді.
Бұл жол бөлігін де шамамен сағат 13:00-де ашу жоспарланып отыр.