Елімізде наурыздан бастап смартфондарды тіркеу ережесі өзгереді
Цифрлық даму министрлігінің жаңа бұйрығы тасымалдаушыларды смартфондардың «IMEI» кодтарын тексеруге міндеттейді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кету керек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұйрығына сәйкес, биылғы жылдың 24 наурызынан бастап Қазақстанда ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеуге арналған «ақ, сұр және қара тізімдер» енгізіледі.
Мемлекеттік радиожиілік қызметінің өкілі Сәуле Темірхан түсіндіргендей, пайдаланушылар арнайы қызмет арқылы құрылғысының күйін алдын ала тексере алады.
«Егер сіз Қазақстанда телефон сатып алған болсаңыз және ол қара тізімге енген болса, онда, өкінішке орай, құрылғы бұғатталады. 24 наурыздан бастап мобильді құрылғыны алдын ала растау қызметі барлық азаматтар үшін қолжетімді болады. Құрылғыны сатып алмас бұрын осы құрылғының «IMEI» кодын енгізіп, тексеру қажет», дейді ол.
Сәуле Темірхан қазақстандықтарға тіркеу кезінде туындауы мүмкін проблемаларды болдырмау үшін құрылғыларды сатып алар алдында мұқият тексеруді ұсынды.
«Ақ тізімдегі» смартфондар — заңды сатылған техника. Егер сатып алудың заңдылығына күмән туындаса, мысалы, «IMEI» коды қайталанса, құрылғы уақытша «сұр тізімге» енеді, смартфон иесіне мәселені 30 күн ішінде шешуге мүмкіндік беріледі.
Смартфонын «ақ тізімге» аудару үшін құрылғыны заңды сатып алғанын дәлелдеу керек.
Егер телефон жалған немесе ұрланған болса, ол «қара тізімге» енеді және абоненттің ұялы телефоны жұмыс істемейтін болады.