Елімізде 600 мыңға жуық педагог еңбек етіп жүр
Бүгінгі таңда елімізде барлық білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық педагог еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Оның ішінде 399247 педагог мектептерде, 41155 педагог техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сабақ береді. Мектепке дейінгі мекемелерде 100566 тәрбиеші жұмыс істейді.
Елімізде жекелеген пәндер бойынша 3000-ға жуық мұғалімге сұраныс бар, алайда жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерді бітіріп шығатын педагогика саласы мамандарының саны бірнеше ондаған мыңнан асып түседі.
Осы ретте оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жедел желі» бағдарламасына сұқбатында кейбір өңір мектептерінде бастауыш сыныптар мен математика, ағылшын пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс барын, ал бірқатар пән мұғалімдері бойынша керісінше ұсыныстың сұраныстан артық екенін айтты. Министр сондай-ақ білім сапасының мұғалімге тікелей байланысты екенін және мемлекет тарапынан оқытушылардың сапалы құрамын қалыптастыру бойынша барлық жағдайдың жасалып жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, 2019 жылы желтоқсанда қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздың мерейін өсіріп, мәртебесін көтерді. Заңның арқасында соңғы жылдары мұғалімдердің еңбек жағдайы жақсарып келеді. 2023 жылдан бастап 5 қазанда ұстаздар күні атап өтіледі.