Елімізде 100-ден асқан 423 қарт бар
Қазақстанда 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 қарт бар. Олардың ең үлкені 114 жастағы кейуана Ұлытау облысында тұрады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше ең көп өмір сүретіндердің саны бойынша көш бастап тұрған Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 64 адам бар екен. Екінші орында тұрған Алматы қаласында 100-ден асқан 48 адам бар. Үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам тұрады.
Ең қарт отандастарымыздың үштігі бойынша Ұлытау облысы тұрғыны – 114-те, Павлодар облысындағы қарт – 112-де, Түркістан облысында тұратын қарт – 110-ға келген.
Естеріңізге салайық, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Аталған мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады.