Елдос Сметов жылдың үздік спортшысы атанды
Астанада Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Үздік-2024» сыйлығын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Салтанатты жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт журналистері қатысты.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2024 жыл отандық спорт үшін ерекше жыл болғанын атап өтті. Ел спортшылары биыл халықаралық ірі жарыстарда табысты нәтиже көрсетсе, Қазақстанда ірі жарыстар ұйымдастырылды.
«Осы жылдың басты додасы Париж Олимпиадасы мен Паралимпиада екені анық. Біздің құрама тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихында дзюдодан бұйырған алғашқы алтын медаль. Гимнастикадан алғаш рет Олимпиада медалін жеңіп алдық. Ол жүлде Нариман Құрбановқа бұйырды. Давид Дегтярев пара-пауэрлифтингтен екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Пара-дзюдошы Ақмарал Науатбек Олимпиада шыңын бағындырды», деді министр.
Сонымен қатар биыл Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойыны ұйымдастырылды. Көшпелілер додасында 89 елдің спортшылары бақ сынады. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен спорт саласында оң өзгерістер басталды. Келесі жылы отандық спортшыларды бірнеше байрақты бәсеке күтіп тұр. 2025 жылдың ақпан айында спортшыларымыз Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына қатысып, қысқы Олимпиада лицензиясы үшін сынға түседі. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2024 жылы спортшыларымыз жаман нәтиже көрсеткен жоқ, жаңа жылдан одан да үлкен жеңістер күтеміз», деді Ербол Мырзабосынов.
Салтанатты іс-шарада жылдың маңызды спорттық бәсекелерінде ел намысын абыроймен қорғап, қоржынға жүлде салған спортшылар мен олардың тұғырдан көрінуіне сеп болған бапкерлер, сондай-ақ жеңісті жаңалықтардың жаршысы болған БАҚ өкілдері марапатталды.
Жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар:
Елдос Сметов, Давид Дегтярев – «Жылдың үздік спортшысы»;
Ғалымжан Жылгелдиев, Юрий Колесников – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;
Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы»;
Куанышбек Есекеев, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті»;
Еркебұлан Ілиясов, «Жамбы ату федерациясы» РҚБ президенті – «Үздік спорт меценаты»;
Ғизат Түсіпаев – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;
Ерлан Тасболатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;
Дархан Шариғатов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;
Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;
Алматы қаласындағы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы – «Үздік спорттық өңір»;
Илья Мизерных – «Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы»;
Сергей Сергеев – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»;
Надежда Ким – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»;
Ақмарал Науатбек – «Спортта үздік серпін».
Спорт журналистикасында бәсі биік Сейдахмет Бердіқұлов атындағы марапатты «Хабар» телеарнасының журналисі Жандос Айтбайұлы, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі, әріптесіміз Қуаныш Нұрданбекұлы, «Sport+» сайтының тілшісі Назерке Сұлтанбек иеленді.
«Сейдахмет Бердіқұлов атындағы марапат — жыл сайын спорт журналистеріне табысталатын мәртебелі марапат. Биыл үздіктер қатарынан көрінгенімізге қуаныштымын. Байқауға «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаламызды ұсынып, жүлделі болдық. Биіктен көрінуімізге ұжымның себі мол. Қолдаған барлық әріптестеріме алғыс айтамын», деді Қуаныш Нұрданбекұлы.