Ел қоржынына екінші алтын түсті

0 5

86 келі салмақта өнер көрсететін қазақ боксшысы Бекзат Нұрдәулетов Азия чемпионатының финалында өзбекстандық Жасурбек Юлдошевты жеңді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Бекзаттың 2024 жылғы чемпионаттың финалдық кездесуіндегі қарсыласы 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионы өзбекстандық Жасурбек Юлдошев болды. Нұрдәулетов жекпе-жекте мықты болып, төрешілердің екіге бөлінген шешімімен басымдыққа ие болып, өзбекстандықты «күміспен» қалдырды.

Естеріңізге сала кетейік, Бекзат Нұрдәулетов әуесқой боксшы ретінде 2019 жылғы әлем чемпионы және 2016 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2020 жылдан 2022 жылға дейін ол профессионалдарда өнер көрсетті, оның рекордында жеңіліссіз алты жекпе-жек (екі нокаутпен жеңіс) бар.

Айта кетейік, бұған дейін 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Диас Молжігітов Азия чемпионатының финалында өнер көрсетіп, Қазақстанға бесінші күмісті әкелді.

Сондай-ақ қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионатында финалдық кездесу өткізіп, турнирдің жүлдегері атанды.

Ал Дулат Бекбауов Чиангмайда (Таиланд) өткен Азия чемпионатында ерлер құрамасына күміс медаль салды.