Диқан еңбегі – ел ырысы

0 4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында әрқашан отандық агроөнеркәсіп саласының дамуына ерекше мән беріп, атакәсіпті ардақ тұтқан ауыл еңбеккерлерінің де лайықты құрметке ие болуы керектігін атап көрсетуде. Диқандарымыздың қажырлы еңбектерінің арқасында өткен жылғы күзгі жиын-терін науқаны берекелі болып, ел қамбасына 27 миллион тонна дәнді-дақыл жиналған болатын. Соның ішінде Жамбыл облысында өткен жылы 3 миллион тоннадан астам өнім жинап, еліміздің дамуына мол үлес қосты, деп хабарлайды «Aulieatanews ақпараттық агенттігі.

Қазіргі таңда республикамызда отандық ауылшаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгені құраған. Ал, еңбек өнімділігі үш жылда 40 пайызға жуық артып отыр. Ал, ауылшаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асқан. Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекет тарапынан саланы дамытуға оңтайлы жағдай жасау одан әрі жалғасуда.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжан Бектенов Жамбыл облысы ауылшаруашылығы қызметкерлеріне жолдаған құттықтауында: «Біздің алдымызда ауылшаруашылығының жалпы өнімін 2030 жылға дейін екі есе арттырып, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру және оны жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту міндеті тұр. Осының барлығын сапалы іске асырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне адал еңбектеріңізбен үлес қосасыздар деп сенемін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еселі еңбектеріңізге табыс тілеймін!», – деп ізгі тілегін жеткізген болатын.

Тағы бір атап өтерлігі Желтоқсан айының соңына қарай Орталық алаңда «Дала еңбегі – ел ырысы» атты ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні аталып өткен еді. Оған агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосқан ауылшаруашылығы саласының ардагерлері, агроқұрылым өкілдері шаруа қожалық жетекшілері, еңбек адамдары мен сала мамандары қатысты. Ол салтанатты іс-шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, ауылшаруашылығы саласы мамандарын айтулы мерекемен құттықтап өңірдегі ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыс барысына тоқталған еді.

«Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауылшаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Елімізде мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы нәтижесінде облыстың өндірістік көрсеткіштерінде тұрақты өсім қалыптасып, ауыл халқының тұрмыс деңгейі көтеріліп келеді. Биыл өңірде ауылшаруашылығы саласын дамытуға 48,6 миллиард теңге бөлініп, 5 мыңнан астам шаруаға қолдау көрсетілді. Осының нәтижесінде бүгінгі күні ауылшаруашылығында 485,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 39,6 миллиард теңге инвестиция салынды. Егістік алқабы 640 мың гектарға жетіп, 3,3 миллион тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, 858 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынып, жаңғырту деңгейі 6,3 пайызды құрады. Мал шаруашылығында ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт көлемі 1,7 пайызға артты. Шет елдерге 410 мың тонна пияз экспортталып, облыс республикада көш бастады», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі сөзінде облыс аумағында ауылшаруашылығы өндірісі бағытында іске асып жатқан ірі жобаларға тоқталып өтті. Ербол Шырақпайұлының айтуынша, Шу ауданында жүгеріні терең өңдеу зауыты салынуда. Аталған өндіріс орны Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың бірі болмақ, толық қуатында жұмыс істеген кезде жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін жүгері өңделіп, 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал, Байзақ ауданында елімізде Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы заманауи қант зауытының құрылысы басталып отыр.  Зауыт жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 120 мың тонна қант, сондай-ақ меласса және жом сияқты қосалқы өнімдер өндіретін болады, 350-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Аталған бағыттағы жобалар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, өнім өндірушілерге қолайлы әрі тиімді жағдай туғызатыны сөзсіз. «Биыл ветеринария саласын қаржыландыруға 4,6 миллиард теңге бағытталды. Облыстық бюджет қаражатына 50 автокөлік сатып алынып, табысталды, бүгін тағы 50 автокөлік табыстағалы тұрмыз.

Қалған қажеттілік (40 көлік) 2026 жылы қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, табиғат қорғау саласының, оның ішінде орман шаруашылығы саласына ерекше тоқталғым келеді. Аталған сала мекемелерінің материалдық техникалық жағдайын жақсарту мақсатында өткен 4 жылда 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінсе, бүгін осы мекемелерге жалпы соммасы 606 миллион теңгенің техникасын табыстайын деп тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы лизингке 1,8 миллиард теңгеге өртке қарсы 60 техника алу жоспарланған болатын. Бүгінде міне соның 15 JAC (джак) маркалы кіші кешенді өрт сөндіру автокөліктері келді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 45 техника табысталатын болады. Сондай-ақ демеушілер есебінен «Жамбыл табиғат» қоғамдық қоры арқылы 14 автокөлік және 15 пилотсыз ұшу аппараттары мен 17  мотоцикл алынды. Облыс әкімдігі табиғат қорғау мекемелерінің материалдық техникалық базасын жаңартып, нормативтерге сәйкестендіру бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізетін болады» – деп атап өткен еді Ербол Шырақпайұлы.

Осы салтанатты іс-шара аясында облысымыздың агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосқан ауылшаруашылығы саласының ардагерлері, еңбеккерлері мен мамандары мемлекеттік – «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет» және «ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» медалі мен Премьер-министрдің Алғысхатымен және басқа да марапаттар салтанатты жағдайда тапсырылған болатын.

Сондай-ақ осы салтанатты жиында ауылшаруашылығы саласының материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында ветеринария және орман шаруашылығы қызметкерлеріне арнайы «Нива» автокөліктер табысталды. Яғни, әр ауданға 5 «Нива» автокөлігі берілді. Бұдан бөлек, орман шаруашылығы қызметкерлеріне 9 «Газель», 4 «Тойота Хайлюкс», 16 «JAC» кіші өрт сөндіру автокөлігі, 16 мотоцикл, 16 пилотсыз ұшу аппараттары табысталған еді.