ДАЛА ТӨСІН МАЛҒА ТОЛТЫРҒАН

0 52

Үшарал ауылдық округіне қарасты «Ақбас» шаруа қожалығында болғанымызда өзімізді ен далада орналасқан шағын қалашыққа келген­дей сезіндік. Заманауи тұрғыда соғылған тұрғын үй мен еуротиптегі монша, жаздық демалыс орны, өз алдына бөлек соғылған тамақ дайындайтын орын, жаңа үлгідегі атшаптырым қойма,  техникалар тұратын бокс­тар, техника жөндейтін орын, электр жүйесіне қосылған мал суаратын науа, шөпханалар, бәрі-бәрі үйлесім тауып, көсіле жайылған төрт түлік малмен бірге кең жазира далаға ажар беріп тұр.

Бұл  «Ақбас»  шаруа қожа­лығының төрағасы Шәмілхан Үсенбаев екен. Ал, шаруашылықты оның інісі Әлібек Әбдиллаев басқарып отыр.

— Шәкең мал басын өсірумен 2011 жылы айналыса бастады. Іс бастау әрқашанда қиын ғой. Ондай қиыншылықтар бізде де болды. Бірақ біз алға қойған мақсатымыздан таймадық. Еңбекқор Шәмілхан ағамның арқасында бәрі де бірте-бірте орнына келді, — деп өз сөзін бастаған Әлібек  «Агронесие корпорациясы» АҚ және 2- деңгейлік банкілер арқылы несие алып, төрт түлік малдың басын өсіріп, шаруашылықты аяқтан тұрғызғандарын мәлімдеді.

Бүгіндері бұл шаруа қожалығы жылқы, сиыр, қой өсіруді нақты қолға алыпты. 3 трактор (соқа, шөп оратын орағы, шөп жинағышымен), 2 КамАЗ сақадай сай тұр. «…Бақпасаң, мал кетеді»,- дейді қазақ.  Осы техникалардың көмегімен мұндағылар малдың қыстық азығын мол дайындап алатыны да белгілі болды.

Қарамағындағы 3 мың гектар жердің 300 гектарына жем дайындау мақсатында  арпа ексе, 130 гектар жері суармалы екен. Ал 110 гектар жері шабындық ретінде пайдаланылады, қалғаны-жайымдылық жер.

Қазіргі таңда «Ақбас» шаруа қожалығы малды асылдандыру бағытында жұмыс атқарып жатыр. Батыс Қазақстан облысынан «Көшім», Ақтөбе облысынан «Мұғалжар» тұқымды жылқылар әрі етті, әрі сүтті болып келеді.

120 бас ірі қара сиятын мал бордақылау орны талапқа сай тап-таза, барлық жағынан қамтылған.

— Жыл сайын ауыл адамдарына келісін 1800 теңгеден сиыр етін беріп отырамыз. Көп  балалы,  тұрмысы  төмен отбасыларына да қайырымдылық жасап, көмегімізді аямаймыз. Джон Рокфеллер: «Қайырымдылықты мақтан үшін жасауға болмайды. Егер сенің қайырымдылығына ішкі есебің араласып кетсе, ол – қайырымдылық емес», — деген екен.

Әрине, біз де шын пейіл, ақ ниетімізбен көмек береміз. Бар болса, бөліскенге не жетсін. Елдің алғысынан артық ештеңе жоқ,  -дейді Шәмілхан Үсенбаев.

Қазіргі кезде мұнда электр қуаты арнайы мотор арқылы беріледі екен. Бірақ оның күші аз болып тұр.

Шәкеннің алға қойған мақсаты өте ауқымды. 100 бас түйе мен бие сауатын орын дайындап, қымыз, шұбатты облыс көлемінде сатуды жоспарлап отыр. Ол үшін ет, қымыз, шұбатты сақтайтын мұздатқыш керек. Мұздатқыш тұрақты жұмыс істеп тұруы үшін электр қуатының күші керек. Оның үстіне, мал  бордақылау орнын үлкейту де көзделіп отыр екен. Міне, осының бәріне электр қуаты ауадай қажет.

Шәкеннің ендігі өтініші- осы шаруа қожалыққа дейін электр желісін жүргізіп беруге ықпал жасалса дейді.

Егер бұл тірлік жүзеге асса, онда алға қойған мақсаттар да іске асып, «Ақбас» шаруа қожалығының  тірлігі қанатын кеңге жаяры сөзсіз.

Aulieatanews, Талас ауданы.