Бұқаралық іс-шаралардағы тәртіп басты назарда

0 9

Жамбыл облысында мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатта облыстық Полиция департаментінің бастамасымен арнайы кеңес өткізіліп, оған облыс пен қала әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ жеке күзет ұйымдарының басшылары қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жиында бұқаралық іс-шаралар барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жеке күзет құрылымдарын тарту жолдары, жауапты мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын тиімді үйлестіру мәселелеріне басымдық берілді.

Кеңес барысында Жамбыл облысы ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Серік Әлдібеков қауіпсіздік саласындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, барлық құрылымдардың үйлесімді әрекеті ғана азаматтардың қауіпсіздігін арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жиында білім беру ұйымдарындағы күзет қызметін ұйымдастыруға қойылатын жаңа талаптар жан-жақты түсіндірілді. Қауіпсіздіктің жаңартылған стандарттарын сақтау, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауда айрықша маңызға ие екені атап өтілді.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмысты одан әрі күшейту қажет деген ортақ пікірге келді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы шаралар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.