Биылғы көктем айларында ауа райы қандай болады

0 136

Синоптиктердің ұзақмерзімді болжамына сәйкес, Қазақстанда 2025 жылдың көктемі әдеттегіден жылы болады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі  «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауаның орташа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады, бірақ қысқамерзімді суық және үсік болуы мүмкін. Өтпелі маусымда ауа райы әдетте тұрақсыз болады, сондықтан температура кенеттен құбылып, ауа райы жиі тосынсый жасауы мүмкін.

Температуралық жағдайлар

Синоптиктер көктемде ауа температурасы күрт құбылуы мүмкін екенін ескертеді. Кей жерлерде қар жауады, әсіресе солтүстік облыстарда, сондай-ақ арктикалық ағындар кезінде боран болып, күн күрт суытады. Дегенмен оңтүстік ауа ағындарының күшеюімен, әсіресе сәуір және мамыр айларында температура бірден жоғарылап, ысып кетуі мүмкін. Осылайша, 2024 жылы сәуір айының ортасында республиканың басым бөлігінде термометр +22…+30°С дейін көтеріледі.

Жауын-шашын болжамы

2025 жылдың көктемінде өңірлер бойынша жауын-шашын әркелкі болады:

Наурыз: жауын-шашын республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары болады, ал оңтүстік-батыс облыстарда (Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында) жауын-шашын қалыпты мқлшерде болады.

Сәуір: Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын қалыпты мөлшерде болады. Алайда солтүстік-батыс облыстарда (Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Батыс Қазақстанның солтүстік-шығысында және Ақмола облысының солтүстік-батысында) жауын-шашын нормадан жоғары болады.

Мамыр: жауын-шашын елдің басым бөлігінде қалыпты шекте болады. Бұл ретте оңтүстік-батыс облыстарда (Маңғыстау, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары) жауын-шашын нормадан аз болады. Бұл ретте республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығыс және шығысындағы таулы аумақтарда және тау бөктеріндегі аймақтарда жауын-шашын нормадан асып түседі.

2025 жылдың көктемі Қазақстанда жылы болады, бірақ мезгіл-мезгіл суық болады. Қар жауып, аяз болуы мүмкін, сондай-ақ ыстық ауа райы ерте басталуы мүмкін. Жауын-шашын әркелкі таралады: солтүстік облыстарда ылғал көбірек, оңтүстік және орталық аймақтарда аз болады. Ел тұрғындары ауа райының күрт өзгеруіне дайын болып, ауа райы болжамын ескере отырып, өз тірлігін алдын ала жоспарлауы керек.