Биыл магистратураға 13 мыңнан астам грант бөлінді

0 67

Бүгін елімізде магистратураға қабылдауға арналған кешенді тестілеу басталды. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сәйкес, тестілеу 10 тамызға дейін жалғасады. Биыл бұл сынаққа 51 мыңнан астам адам өтініш білдірген, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы ең көп сұранысқа ие бағыттар қатарында – «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», сондай-ақ «Бизнес, басқару және құқық» салалары бар.

Айта кетейік, тест тапсыруға өтініштер 1 маусым мен 8 шілде аралығында app.testcenter.kz сайтында қабылданды.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілер үшін тест үш негізгі бөлімнен тұрады: шет тілі, оқуға дайындығын анықтау, және білім беру бағдарламаларының бейіні бойынша сұрақтар. Барлығы 3 сағат 55 минут уақыт беріледі. Сынақтан сәтті өту үшін талапкер жалпы кемінде 75 балл жинауы тиіс. Бұл көрсеткіштің ішіне: шет тілінен 25 баллдан, дайындық деңгейінен 7 баллдан, және екі бейінді пәннің әрқайсысынан 7 баллдан кем болмауы тиіс.

Бейінді магистратураға тапсырушылар тек екі бейінді пән бойынша тестілеуден өтеді. Мұнда шекті балл 30, оның ішінде әр пәннен кем дегенде 7 балл жинау қажет.

Тестілеу нәтижесімен келіспейтін талапкерлер емтихан аяқталған соң 30 минут ішінде онлайн-апелляцияға өтініш бере алады. Апелляциялық комиссия шағымды бес күн ішінде қарайды. Қорытынды нәтиже талапкердің жеке кабинетіне жіберіледі.

2025 оқу жылына магистратура бойынша 13 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген. Гранттар сұраныс жоғары мамандықтарға бағытталған.

Грант конкурсына құжат қабылдау кезеңі 12–18 тамыз аралығын қамтиды. Ал грант иегерлері 25 тамызға дейін белгілі болады. ЖОО-ларға қабылдау рәсімі 28 тамызға дейін аяқталады.