Бірнеше өңірде өрт тұтану қаупі бар

0 122

Мамандар 29 сәуірге арналған Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылысының болжамын жариялады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктер тұрақсыз болады, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болады.

«Тек республиканың оңтүстік-батысында, солтүстік-батысында және орталығында антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша жел күшейеді, батыста және солтүстікте бұршақ жауады, оңтүстік-батыста және оңтүстікте бұршақ жауып, шаңды дауыл соғады, оңтүстік-шығыста тұман түседі. Түнде шығыста, Жамбыл облысының таулы аймақтарында 2 градус аяз күтіледі», делінген хабарламада.

Маңғыстаудың басым бөлігінде, орталықта, Қызылорданың оңтүстігінде, Түркістанның солтүстігінде, Атыраудың оңтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігінде, Абай облысының оңтүстігінде, Қарағанды ​​облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.