Бірлік пен табиғатқа жанашырлықтың үлгісі
Тараз қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің жеке құрамы, офицерлер мен олардың отбасылары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысты. Бұл бастама көктеммен бірге ел аумағында қарқын алған санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстарымен үндесіп, туған өлкені көркейту мен абаттандыруға қосқан сүбелі үлес болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
«Таза Қазақстан» – қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған игі дәстүрге айналған маңызды іс-шара. Аталған акция аясында әскери бөлім аумағында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды. Жеке құрам мен олардың жақындары аумақты қоқыстан тазартып, құрғақ ағаштарды жинап, табиғатты қорғауға деген шынайы жанашырлықтарын көрсетті.
– Бұл іс-шара жай ғана сенбілік емес, азаматтық кемелдік пен рухани тұтастықтың, жауапкершіліктің көрінісі болды. Әскерилер мен олардың отбасы мүшелері тазалық пен тәртіпке бейіл екенін іс жүзінде көрсетті. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің қатысуы — олар үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Табиғатқа деген қамқорлық – келешек ұрпаққа қалдырар аманатымыз, – деді әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Кансеитов.
Акцияға қатысу сарбаздар үшін тәртіп пен ұйымшылдықты бекемдейтін, ортақ іске жұмыла кірісудің маңызын ұғындыратын үлкен тәжірибе болды. Олар «Тазалық — тәртіптің айнасы» екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
– Мен мұндай ауқымды экологиялық акцияға алғаш рет қатысып отырмын. Жақындарымызбен, әріптестерімізбен бірлесе еңбек етіп, ерекше бірлік пен шабытты сезіндік. Балалардың да белсенділігі қуантты — олар еңбекке құрметпен қарап, табиғатты аялауды үйренуде. Мұның бәрі үлкен мотивация береді, – деп әсерімен бөлісті қатардағы жауынгер Сержан Нарешов.
Іс-шара барысында бөлімнің әйелдер кеңесі қатысушыларға дәстүрлі ұлттық тағамдар ұсынып, ынтымақ пен сыйластықтың, қонақжайлықтың көркем үлгісін көрсетті.
Ал, әскери оркестр орындаған патриоттық және халық әндері іс-шараға ерекше рух пен салтанат беріп, қатысушыларға зор көңіл күй сыйлады. Әрбір әуен Отанға деген сүйіспеншіліктің әнұраны іспетті әсер қалдырды.
– «Таза Қазақстан» – қоғам алдындағы жауапкершілікке баулитын маңызды бастама. Әскери бөліміміз мұндай іс-шараларға әрдайым белсене қатысып келеді. Ал, отбасыларымыздың қатысуы бұл іс-шараның тәрбиелік және рухани маңызын арттыра түседі. Әсіресе, балаларымыздың қатысқаны — болашақ үшін үлкен үміт, – деп түйіндеді подполковник Бауыржан Кансеитов.