Бірлік пен келісім – тұрақты дамудың тұғыры
Жамбыл облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік XXVIII сессиясы өтті. «Елдің бірлігі – мемлекеттің тірегі: Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» атты маңызды жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Сессия жұмысына мәслихат депутаттары, Ассамблея мүшелері мен оның құрылымдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері атсалысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында жүктеген тапсырмаларын өңірде жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл бастамалардың саяси тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарындағы нақты бағдар екенін атап өтіп, жамбылдықтарды елдік міндеттерге ортақтастыруға шақырды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен сессия – ел Тәуелсіздігінің жетістіктерін таразылап, болашаққа бағдарланған тың бастамаларды алға тартқан маңызды диалог алаңы болды. Бұл тапсырмаларды іске асыру тек Ассамблеяның ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Жамбыл жұртшылығы әрқашан ел мүддесіне қызмет етіп, Тәуелсіз Қазақстанның сенімді тірегі болып қала береді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Аймақ басшысы облыс көлемінде бірқатар ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқанын, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығында серпін бар екенін, әлеуметтік нысандардың бой көтеріп жатқанын тілге тиек етті. Бұл жетістіктердің барлығы қоғамдағы келісім мен өзара түсіністіктің арқасы екенін жеткізді.
Сессияда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қуаныш Мамашев, «Радонеж» орыс қоғамының өкілі Евгений Кравчук, облыстық мәслихат жанындағы ҚХА «Бірлік» депутаттық тобының жетекшісі Жанат Бастаубаева мазмұнды баяндамалар жасап, ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту жолдарын сөз етті.
Жиын соңында бірқатар нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, өңірдің қоғамдық-саяси жұмыс жоспарына ҚХА жобаларын енгізу, этномедиацияны дамыту, «Елдесу және татуласу» жобасының аясын кеңейту, Ассамблея жанындағы журналистер клубының құрамын БАҚ өкілдерімен толықтыру, сондай-ақ Қордай ауданында ҚХА құрылымын құру мәселелері қарастырылды.
Сессия аясында ел ішіндегі этносаралық татулық пен ынтымақты нығайтуға үлес қосқан азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғысхаттар табысталды.
Шара соңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.