Білім саласының басты бағыттары айқындалды
Жамбыл облысында жаңа оқу жылына арналған дәстүрлі тамыз конференциясы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтті. Ауқымды іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, құқық қорғау органдары мен басқарма өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары, ардагер ұстаздар, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Конференцияға қатысушылар алдымен «Баласағұн» орталық концерт залының фойесінде мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жетістіктері ұсынылған көрмені тамашалады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жиынды ашқан Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова ұстаздарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайлы айтып, жаңа оқу жылының басым бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, бүгінгі күні білім сапасын арттырумен қатар, өскелең ұрпақтың бойына елжандылық, адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру негізгі міндетке айналған.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Жамбыл өңірінде білім беру ісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттың жаңа болмысы – білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, ең бастысы – адал азаматтар арқылы қалыптасады» деген ұстанымын басшылыққа ала отырып, ұлттық және адамзаттық құндылықтарға негізделіп жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Ол ұстаздарды тек пән үйретуші емес, адамгершіліктің шамшырағы болуға шақырды.
Өңір басшысы облыста білім беру саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. 2025 жылы облыстың білім беру саласын дамытуға 344,3 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда өңірде 26 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 10 жаңа мектеп пен 5 қосымша ғимарат пайдалануға берілмек. 2026 жылға қарай тағы 11 білім беру мекемесі ел игілігіне тапсырылады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қордай ауданының Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орынды, ал Тараз қаласында 600 орынды жаңа мектептер ашылады.
Президент тапсырмасына сәйкес өңірде 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жаратылыстану, робототехника, STEM пәндері кабинеттерін, еңбек шеберханаларын және мектеп жиһаздарын жабдықтауға, қауіпсіздік жүйелері мен кітапханаларды жаңғыртуға 1,7 миллиард теңге бөлінген.
Бұл орайда аймақ басшысы жауапты тұлғаларға білім беру мекемелерін жылыту маусымына тыңғылықты әзірлеуді, материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етуді, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды міндеттеді. Балабақшаларда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де қатаң бақылауда болатыны айтылды.
Ербол Қарашөкеев қазіргі цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде оқушылардың білімді ғана емес, заманауи технологияларды меңгерген креативті тұлға ретінде де қалыптасуы қажет екенін баса айтты. Осы ретте облыстағы барлық мемлекеттік мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, әсіресе шалғай ауылдардағы мектептерге баса назар аудару тапсырылды.
2025 жылы көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына ыстық тамақ, мектеп формасы мен жазғы демалысқа жолдама беру мақсатында 6,4 миллиард теңге қарастырылған. Қаражат ата-аналардың жеке шоттарына тікелей аударылып отыр. Облыс әкімі ыстық тамақ сапасына ерекше мән беруді, мектеп асханаларында қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.
Мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері де назардан тыс қалған жоқ. Биыл облыс оқушылары қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадада «Ең үздік олимпиадалық команда» атанса, ғылыми жобалар сайысында 16-шы жыл қатарынан үздік шықты. 360 шебер-педагог «Ы.Алтынсарин» медалімен, 12 зерттеуші-педагог «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Үш мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.
Облыс әкімі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде бейнебақылау жүйесін полиция департаментінің Жедел басқару орталығына толық интеграциялауды тапсырды. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мектеп директорларының көшбасшылық әлеуетін дамыту және қажетті жұмысшы кадрлар даярлау бағытындағы кешенді шаралар жайлы нақты тапсырмалар берілді.
Конференция барысында білім саласының сарапшылары мен тәжірибелі педагогтер мазмұнды баяндамалар жасады. Іс-шараның соңында білім саласына үлес қосқан қызметкерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет белгілерімен, Алғысхаттарымен марапатталды. Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 68 миллион теңгелік гранттың иегері атанды. Сонымен қатар, үздік мектеп-лицей, ауыл және қала мектептері, инновациялық мектеп, колледждер мен балабақшалар номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға да қаржылай қолдау көрсетілді.