Бейбітшілік жолында
Жыл сайын 29 мамырда бүкіл әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 2003 жылдан бері Халықаралық Бітімгерлер күні атап өтіледі. Бұл – жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау жолында қызмет еткен және сол миссияда қаза тапқан жауынгерлерге құрмет білдіретін маңызды күн. Сонымен қатар, бұл күн бейбітшілікті қорғауға атсалысып жүрген әскери қызметшілер үшін кәсіби мерекеге айналған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Қазақстан әскері үшін бұл дата ерекше маңызға ие. Өйткені, еліміздің сарбаздары мен офицерлері бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық миссияларға белсене қатысып келеді. Солардың бірі – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 28349 әскери бөлімінің үшінші сынып сержанты Жеңісбек Сейсеуов. 2022 жылы ол Ливан мемлекетінде өткен БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысып қайтты.
2021 жылы бесінші механикаландырылған бригадада қызмет етіп жүрген кезінде Жеңісбек БҰҰ миссиясы аясында Ливанға әскери контингент жасақталып жатқанын естиді. Өз еркімен өтініш беріп, қатаң іріктеуден сәтті өтіп, үздік әскери қызметшілер қатарынан табылады. Алматы қаласында алты ай дайындықтан өтіп, Ливанның мәдениеті, дәстүрі, жергілікті ортада әрекет ету ережелері мен патрульдеу дағдыларын меңгереді.
2022 жылдың наурыз айында Жеңісбек Қазақстанның бесінші бітімгерлік ротациясы құрамында Таяу Шығысқа аттанады. Бұған дейін 120 адамнан тұратын контингент бұл жолы 34 әскери қызметшіге дейін қысқарған. Оның айтуынша, кейде қауіпті жағдайлар да орын алған. База маңында жарылыс пен атыс дыбыстары естіліп, сақтық шаралары күшейтілген. Дегенмен, қақтығысқа қатысуға тура келмеген. Қазақстандық сарбаздар өздеріне жүктелген бейбіт миссияны – база мен бақылау-өткізу бекеттерін күзету, жергілікті аумақты патрульдеу жұмыстарын мінсіз атқарған.
Жеңісбек үшін бұл бір жылдық сапар үлкен өмірлік сабақ болды. Тәжірибе жинап қана қоймай, Отанға, отбасына деген сүйіспеншілігі бұрынғыдан да артқан. Шетелге аттанардан сәл бұрын дүниеге келген Айтөре есімді ұлын бір жыл көрмей, қияда жүргенімен, дәл осы бала үшін әрбір тапсырманы аса жауапкершілікпен атқаруға тырысқан. Сапардан оралғаннан кейін отбасында қыздары Медина өмірге келіп, бүгінде олар бес бала тәрбиелеп отыр.
Миссиядан кейін Жеңісбек қызметін басқа әскери бөлімде жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда ол – 28349 бөлімінде сержант-нұсқаушы. Жауынгерлік тәжірибесі мол, кәсіби дайындығы жоғары маман ретінде өзгелерге үлгі болып келеді. Әсіресе, жуырда Голан жоталарына аттанған жуалылық жас сарбаздарға ерекше тілеулес. Себебі, ол жаққа Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылынан тоғыз сарбаз, барлығы да бір мектептің түлектері, бір полктің жауынгерлері қатарынан қабылданып, бітімгерлік миссияға кеткен.
Олардың бірі – үшінші сынып сержанты Нұркелді Омаров: «Бітімгер болу – үлкен мәртебе. Біз ел намысын қорғап, әлемнің назарында тұрмыз. Бұл бізге жауапкершілік жүктейді. Жақындарымыз үшін, бейбітшілік үшін адал қызмет етіп, аман-есен елге оралу – басты арманымыз», – дейді ол.
Биыл БҰҰ Бітімгерлер күнін «Бітімгерлік болашағы» ұранымен өткізіп отыр. Бұл бастама соңғы 80 жылда бейбітшілікке үлес қосқан әскери, полиция және азаматтық қызметкерлердің еңбегін бағалау мақсатында қабылданған. Бітімгерлердің рөлі – елдер арасындағы диалог пен дамуға мүмкіндік беру. Сондықтан бейбітшілік күзетінде жүргендердің қызметі – құрмет пен алғысқа лайық.
Бүгінде Ливандағы миссиясын абыроймен атқарып оралған Жеңісбек Сейсеуов те, Голан жоталарында еліміздің туын көтеріп тұрған 139 қазақстандық бітімгер де – бір мақсат жолында қызмет етіп жүр. Бұл – барша адамзат үшін ең маңызды міндет.