Бауыржан Момышұлының туыстарына Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін табысталды
Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының даңқты батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан Момышұлына Президент атынан айрықша мемлекеттік марапаттар – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордендері табыс етілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
– Бауыржан Момышұлы халық санасында тек батыр ғана емес, ерлік пен қаһармандықтың символына айналған тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі оның халқымыз үшін маңыздылығын тағы да атап өтті. Ең бастысы, көптен күткен тарихи әділдік орнатылды, – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші Бауыржан Момышұлының өмірі мен қайсар рухының жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін ерекше атап өтті. Оның ерлікке толы өмір жолы Қазақстанның батырлық дәстүрін дәріптеудің басты мысалы болып саналады.
Айта кетейік, 2025 жылдың соңында Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жасаған ресми сапары барысында даңқты батырға «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешімін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл шешім еліміздегі тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің бір қадамы ретінде бағаланып отыр.
Бауыржан Момышұлының есімі мен ерлігі – тек соғыс жылдары ғана емес, бейбіт өмірде де жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызды мұра. Ел азаматтары батырдың ерен ерлігін әрдайым есте сақтап, ұрпаққа жеткізуге тиіс.