Басты міндет – жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу

0 82

Қазіргі таңда жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Осындай маңызды іс-шаралардың бірі ретінде Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-­нің ұйымдастыруымен және аудандық полиция бөлімімен бірлесіп өткізілген түнгі рейдтік жұмыстарды атап өтуге болады.

Бұл іс­-шара «Қоғам сақшысы» жобасы аясында жүзеге асырылып, өңірде жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Рейд барысында полиция қызметкерлері мен жастар ісі жөніндегі мамандар түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-­ақ ата­аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында бірқатар тексеру жұмыстарын жүргізді.

Түнгі рейд барысында жастар көп жиналатын орындар, саябақтар, көшелер және ойын-­сауық мекемелері тексерілді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес ескерту жасалып, құқық қорғау органдары жасөспірімдерге түнгі уақытта үйден тыс жүрудің қауіптілігі, түрлі теріс әрекеттерге ұрыну қаупі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағытта білім беру мекемелері, ата-аналар, қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істегенде ғана оң нәтиже болады.

Осындай рейдтік іс­-шаралар жастарды тәртіпке шақырумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.

– Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізілетін болады. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Жастарға құқықтық білім беру, оларды тәртіпке шақыру – қоғамның болашағына салынған инвестиция. Сондықтан әрбір ата-­ана, әрбір жасөспірім, әрбір азамат өз жауапкершілігін сезініп, ортақ тәртіпке бағынған кезде ғана құқық бұзушылық деңгейі төмендеп, қоғамда тұрақтылық пен қауіпсіздік орнайды, ­ — дейді «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Нұрислам Бейсенбек.