Баспана кезегінде үйге мұқтаж азаматтар ғана болуы керек
Үкімет отырысында Премьер-министр баспана кезегінде тұрғандардың қолданыстағы тізімін өзектендіру мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
«Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ, бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде, шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр құрылыс саласында жаңа нысандар салу және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша үйлестірілген жұмыстың маңыздылығын баса айтты. Сондай-ақ құрылыс сапасына ерекше назар аудару керектігін атап өтті.
«Соңғы жылдары ереже талаптарының бұзылуына және құрылыс нысандарының уақтылы іске қосылмауына қатысты шағымдар саны көбейіп барады. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Жаңа Құрылыс кодексінің жобасында құрылыс сапасына бақылауды күшейту, саланы цифрландыру, сәулеттік қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешені көзделді», деді Олжас Бектенов.