Банктер экономикаға қаржы салуы қажет
Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер азаматтарға несие берумен ғана шектелмей, ірі экономикалық жобаларды қаржыландыруға да белсенді қатысуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда Ұлттық банк пен үкіметке осы мәселені шұғыл түрде шешуді тапсырды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
«Қазақстандағы банктердің қаражаты мен активтері дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі. Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылай тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар көтеріп жүр. Ұлттық банк пен үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табу қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы банктер туралы жаңа заң қабылдаудың маңызын да атап өтті.
«Бұл бағыттағы маңызды қадамның бірі банктер туралы ел экономикасының қажеттелігін ескеретін жаңа заң қабылдау. Құжатта бәсекелестікті күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, финтехті дамыту және цифрлық активтерді либерализациялау мәселесі қаралуы керек», деді ол.
Жаңа заң банк секторын дамытып, қаржыны нақты экономикаға тартуды күшейтуге бағытталмақ.