Балық шаруашылығы – табысты тірлікке айналып келеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауылшаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру мүмкін емес екенін баса айтқан болатын. Ел басшысы ет, сүт, көкөніс өнімдерімен қатар, балық шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап көрсеткен еді. Бұл бағытта бүгінде елімізде, оның ішінде Жамбыл облысында да бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіліп отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
2021 жылдың 5 сәуірінде Үкіметтің №208 қаулысымен қабылданған 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы осы салаға тың серпін бергені анық. Бұл құжаттың басты мақсаты – халықты сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз ету және осы бағыттағы өндірісті ұлғайту. Бағдарлама қабылданғаннан бері Жамбыл облысында тауарлы балық өндірісі қарқынды дами бастады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 2023 жылы 867,6 тонна балық өсірілген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1510,9 тоннаға дейін жетіп, жоспар артығымен орындалған. Форель, тұқы, жайын және бекіре тұқымдас балық түрлері өсірілген, олардың ішінде ең көп өсірілгені – форель. Биыл облыстағы кәсіпкерлер 1276 тонна балық өндіруді жоспарлап отыр.
Саладағы өсім мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асып отыр. Өткен жылы акваөсіруді субсидиялауға жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде балық жеміне – 130 миллионнан астам, отырғызу материалына – 65 миллион, биологиялық негіздемелерге – 4 миллион теңге қарастырылған. Биыл да дәл осындай көлемде қаржы бөлініп отыр.
Жеке кәсіпкерлер де бұл қолдауды тиімді пайдаланып, табысты жобаларды қолға алған. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Ислам» шаруа қожалығы форель өсірумен 2021 жылдан бері айналысып келеді. Қожалық иесі Қанат Жұмановтың айтуынша, бұл кәсіпті бастауға жергілікті әкімдік те қолдау көрсеткен. Диқан ауылы маңынан жер телімі бөлініп, ол жерге арнайы бассейн салынған. Алматы және Тараз қалаларынан жеткізілген шабақтар өсіріліп, күзде саудаға шығарылады. Қазіргі таңда қожалық форель өсіру көлемі бойынша облыста екінші орында тұр.
Балық шаруашылығымен айналысатын ірі нысандардың бірі – Жамбыл ауданындағы «АрНұр» жеке кәсіпкерлігі. Мұнда жылына 90 тоннаға жуық форель өсіріледі. Ал Т.Рысқұлов ауданындағы «Номад» шаруа қожалығы 200 тоннаға дейін өнім өндіруде. Сонымен қатар, Меркі ауданында африкалық жайын өсірумен айналысатын «Bester Yard» ЖШС бар. Бұл кәсіпорын жылына 20 тоннаға дейін өнім беріп отыр. Африкалық жайын – жылуды жақсы көретін балық түрі болғандықтан, арнайы температурада өсіріледі және жасанды ұрықтандыру әдісі қолданылады.
Аймақтағы су айдындарында да балық өсіру ісіне көңіл бөлініп отыр. Алайда, бұл бағытта браконьерлікпен күрес өзекті мәселеге айналуда. Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бұл бағытта бақылауды күшейтіп, «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы аясында рейдтер ұйымдастырып, заңсыз балық аулауға тосқауыл қоюда.
Мамандардың айтуынша, көктемгі-жазғы уылдырық шашу кезеңінде табиғи су айдындарында балық аулауға тыйым салынады. Аса, Шу және Талас өзендерінің бойында, сондай-ақ Билікөл, Ақкөл мен Бөгеткөл секілді көлдерде балық қорын сақтау үшін арнайы шектеулер енгізілген. Бұл – табиғатты қорғаудың маңызды қадамы.
Жалпы, Жамбыл өңірі балық шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ саналады. Бұл сала табыстың көзіне айналып, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылай көмек көрсету, инфрақұрылымды дамыту, балық өсіруді ғылыми негізде жүргізу – бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнім көлемін арттыруға мүмкіндік бермек.
Алдағы уақытта балық шаруашылығы облыс экономикасына қосымша кіріс әкелетін салалардың біріне айналары анық.