Байзақтағы басқосу: түйткілдер талданып, тапсырмалар берілді

0 132

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің 2025 жылы қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне тоқталып, алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарлар мен басым бағыттарды баяндады.

– Өңірде атқарылған әрбір жұмыс жамбылдықтардың бірлігі мен татулығын айқын көрсетеді. 2026 жылы да облысымызда тұрақтылық пен келісім сақталып, Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттер сапалы әрі табысты іске асырылатынына сенімдімін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Басқосуда Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде есеп берді.

Кездесу барысында аймақ басшысы бірқатар өзекті мәселелерге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, аудандық білім бөлімі басшысының лауазымы бос тұрғаны, балаларды қосымша біліммен қамту деңгейінің төмендігі, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстардың жеткіліксіздігі сынға алынды. Осы мәселелер бойынша аудан әкімі мен салаға жауапты орынбасарлардан нақты жауаптар алынды.

Сонымен қатар облыс әкімі Байзақ аудандық орталық ауруханасына қатысты тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтті.

– Өткен жылы бұл медициналық ұйымға қатысты арыз-шағымдар 1,9 есеге артқан. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне ешқандай кедергі болмауы тиіс. Денсаулық сақтау басқармасының басшысына бұл мәселені жеке бақылауына алуды тапсырамын, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жиын барысында тұрғындарға ашық микрофон ұсынылып, олар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей көтерді. Атап айтқанда, байзақтық Амангелді Әлімбаев суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін каналдардың тозығы жеткенін жеткізді.

Аймақ басшысы бұл мәселенің өзектілігін атап өтіп, биыл жоспарға сәйкес, каналдар кезең-кезеңімен жөнделетінін айтты. Сонымен бірге, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалына жұмыстарды тиімді ұйымдастырып, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Бұдан бөлек, тұрғындар балаларға арналған шағын футбол алаңшасын салу, аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, ауызсу нысандарын жаңғырту, пошта мен балабақша ғимараттарын газдандыру, көшелерді жарықтандыру және жол салу, ардагерлер аллеясын ашуға жер бөлу, газ қуатын арттыру, сондай-ақ жаңа автобус бағытын ашу жөнінде ұсыныс-тілектерін білдірді.

Облыс әкімі көтерілген мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын айтып, аудан әкімдігіне қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуді, жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын, бөлінген қаражаттың заңнамаға сәйкес тиімді игерілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Кездесу соңында Ербол Қарашөкеев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Айта кетейік, 2025 жылы облыста барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 757 кездесу өткізіп, оған 42 мыңнан астам тұрғын қатысты. Кездесулер барысында 2582 мәселе көтеріліп, оның 1202-сі оң шешімін тапса, 610 мәселеге түсініктеме берілген, ал 770 мәселе бақылауға алынған.