Байзақта үш фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды
Байзақ ауданына қарасты Дихан-2, Тегістік және Базарбай ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) пайдалануға берілді. Бұл нысандар халыққа алғашқы медициналық көмекті дер кезінде әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік береді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Медициналық мекемелердің ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, аудан әкімі Олжас Баққараев және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп отыр. Аталған жоба шалғай елді мекендердегі медициналық инфрақұрылымды жақсартып, тұрғындарға қолжетімді қызмет көрсетуді көздейді.
Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым бұл бастамалардың ауыл халқының өмір сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Ол елдің әл-ауқаты, ең алдымен, денсаулық жүйесінің қолжетімділігімен байланысты екенін айтты.
Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жаңа ФАП-тар ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетудің нақты қадамы екенін жеткізді.
– Денсаулық – ұлт болашағының кепілі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған нысандар ауыл халқы үшін маңызды. Бұл елді мекендердегі медициналық қызметтің жаңа деңгейге көтерілгенінің белгісі, – деді басқарма басшысы.
Байзақ ауданында қазіргі таңда 44 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді. 2024 жылдың өзінде үш нысан іске қосылған болса, бүгін олардың қатары тағы үшеумен толықты. Аудан әкімі Олжас Баққараев бұл игілікті істің тұрғындарға тигізер пайдасына тоқталды.
– Енді ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылмай-ақ, алғашқы медициналық көмекті жергілікті жерде ала алады. Медицина қызметкерлері халық денсаулығын жақсартып, сапалы қызмет көрсету үшін барлық жағдаймен қамтылуы тиіс, – деді әкім.
Жаңа ФАП ғимараттары заман талабына сай салынған. Медициналық пункттер ана мен бала денсаулығын бақылауға, профилактикалық тексерулер мен алғашқы санитарлық көмекті көрсетуге толық бейімделген. Сонымен қатар, барлық нысандар 100 пайыз заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ауыл тұрғындары жаңа нысандардың ашылғанына қуанышты. Олардың айтуынша, бұл – көптен күткен жаңалық. Енді өз денсаулығын күту үшін алысқа барудың қажеті жоқ.