Әзілмен өрілген әскери қоштасу

0 189

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде өткен жылы көктемде шақырылған мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығарып салуға арналған ерекше шара ұйымдастырылды. Бұл жолғы қоштасу дәстүрлі форматтан тыс өтіп, Көңілді тапқырлар клубы (КТК) түрінде өтті. Армиялық өмірдің соңғы нүктесі әзіл мен шығармашылыққа толы жарқын естелікке айналды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

– Біздің мақсатымыз – сарбаздарды тек шығарып салу ғана емес, олардың әскери бауырластық сезімін күшейтіп, моральдық рухын көтеру, өзін жаңа қырынан танытуына мүмкіндік беру болды. Бұл тұрғыда КТК – таптырмас алаң. Әзіл, шынайы бейне мен әсерлі сахналар – барлығы әскери тәртіпке сай, бірақ жүрекпен, шынайылықпен жеткізілді, – деді 5513 әскери бөлімінің командирі, полковник Ғазиз Қадырбек.

Әскери бөлім ішіндегі түрлі бөлімшелерден жасақталған төрт команда сахнада өнер көрсетті. Солдаттар өздері әзірлеген көріністер мен әзілдер арқылы әскердегі өмірдің шынайы сәттерін жеңіл юмормен жеткізе білді. Музыкалық сүйемелдеу, киім үлгілері мен сахналық бейнелер – бәрі де дайындыққа аса жауапкершілікпен қаралғанын аңғартты.

Жарыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаз команданы анықтады. Жүлделі бірінші орынды иеленген сарбаздар дипломдармен, естелік сыйлықтармен, ең бастысы – бөлім командирінің атынан демалыс күндеріне берілген рұқсатпен марапатталды. Бұл – олардың өнерге қосқан үлесімен қатар, қызметке деген адалдығының да бағалануы.

– Біз күн сайын дайындалдық, репризалар жазып, көріністерді қайталадық. Ал, сахнаға шыққанда барлық қобалжу басылып, шын мәніндегі мейрамға айналды. Бұл – ұмытылмас сәт болды, – дейді қатардағы жауынгер Жалғас Бақытғұл.

КТК әскери ортада тәртіп пен шығармашылықты ұштастырудың жарқын үлгісіне айналды. Шара сарбаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, достықты бекемдеп, әрбір жауынгерге әскери қызмет – тек міндет емес, сонымен қатар ортақ қуаныш екенін еске салды.

– Мұндай іс-шаралар қызметті жарқын етеді. КТК бізге өзімізді жаңа қырынан көрсетуге, бірлесе жұмыс істеудің маңызын сезінуге мүмкіндік берді. Осындай мүмкіндік жасаған басшылық құрамына алғысымыз шексіз, – дейді қатардағы жауынгер Нұржеңіc Қалдыбай.

Көңілді де әсерлі кеш сарбаздар үшін армиядағы өмірдің соңғы, жарқын беті болып қалды. Ал, көрермендер үшін – достық, бірлік пен шығармашылықтың мерекесіне айналды.