Аяқталмаған құрылыс бойынша сот үкім шығарды

0 113

Жамбыл облысында күрделі инфрақұрылымдық жобаны уақытылы аяқтамаған мердігер компания сот шешімімен жұмыстарды толық орындауға міндеттелді. Жобаның жалпы құны – 2 миллиард теңгеден асады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

2021 жылдың наурыз айында «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы мен «Ремстрой-XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында Меркі ауданында магистральді газ құбырына қосу арқылы өлшеу торабын қайта жаңарту жұмыстарына байланысты келісімшарт жасалған болатын. Шарттың жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден асып түскен. Жобаны аяқтау мерзімі 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп белгіленген.

Келісімшарт бойынша мердігерге 50 пайыз көлемінде алдын ала төлем қарастырылып, бұл сома 2021 жылдың сәуірінде тапсырыс беруші тарапынан уақытылы төленген. Алайда, келісілген мерзімге қарамастан, мердігер мекеме өз міндетін толық орындамаған. Осыған байланысты «Интергаз Орталық Азия» АҚ Жамбыл облыстық мамандандырылған экономикалық сотына жүгініп, мердігерді шарттағы жұмысты толық орындауға міндеттеуді сұрады.

Сот отырысы барысында жауапкер тарап қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтып, талап арызды қанағаттандырмауды өтінді. Дегенмен, сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды.

Іс материалдарында көрсетілгендей, жоба бірнеше жыл бойы аяқталмай келді. Сот пікірінше, жұмыстардың елеулі бөлігі орындалғандықтан, жаңа конкурс жариялау экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі басқа компаниялардың өзгенің бастаған жұмысын жалғастыруға келісе қоюы екіталай. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 277-бабы 1-бөлігіне сәйкес, келісімшарттың орындалмаған бөлігі бойынша міндетті түрде атқару шарасы қолданылды.

Сот талап арызды толық қанағаттандырып, «Ремстрой-XXI» ЖШС-ін Меркі ауданындағы нысандағы жұмыстарды аяқтауға міндеттеді.

Бұл шешім келісімшарт міндеттемелерін орындаудағы жауапкершілікті арттырып, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда заңдылық пен тәртіптің сақталуына ықпал етеді деп күтілуде.