Ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жоба

0 104

Қазіргі таңда ауыл – ел экономикасының күретамырына айналып келеді. Осыған орай, ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасын жаңа форматта жүзеге асыруға кірісті. Жаңартылған тұжырымдама ауылды жан-жақты дамытуды көздейді. Бұл бағытта инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Бағдарлама ауылдық елді мекендердегі келешегі зор жобаларды қолдауға бағытталған. 2019 жылы даму әлеуеті жоғары ауылдардың тізімі жасалып, 2023 жылы әкімдіктердің ұсынысымен қайта қаралды. Енді осы ауылдарда су, жылу, газ, электр жүйелері жаңартылып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайы жасалады.

«Ауыл аманатының» негізгі мақсаттарының бірі – ауыл кәсіпкерлігін дамыту. Бұл үшін тұрғындарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие мен лизинг түріндегі қаржылық қолдау ұсынылады. Сонымен қатар, министрлік скрининг арқылы елді мекендердің мамандануын анықтау тәсілдерін жаңартып жатыр. Бұл қадам ауылдардың нақты әлеуетін айқындап, тиісті қолдауды мақсатты түрде бағыттауға мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, микронесиелеу бағыттары да кеңейтілуде. Мәселен, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері туризмді перспективалы сала ретінде енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс қабылданып, ауылдық жерлерде туризмді дамыту арқылы жаңа экономикалық мүмкіндіктер туындамақ.

Сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысын арттырып, шығындарын азайту әрі логистиканы жетілдіру мақсатында шағын индустриялық аймақтар құру көзделіп отыр. Бұл аймақтар өнімді сақтау, өңдеу және сату алаңына айналады. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың тұрмысы жақсара түседі.

«Ауыл аманаты» – бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы зор бастама. Ауылдың еңсесін тіктейтін, халқымыздың әл-ауқатын арттыратын жаңа мүмкіндіктер кезеңі басталды деуге болады.