«Ауыл аманаты» жобасының жемісі

0 167

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде ауылдық жерлерде кәсіп ашуға ниетті азаматтар үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Аталған жобаның арқасында көптеген ауыл тұрғындары жеке кәсібін бастауға қол жеткізіп, отбасылық табыстарын арттыруға, ауыл экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Осындай игілікті жобаның жемісін көріп отырған жандардың бірі – Меркі ауданы, Андас батыр ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Ахат Шайхысламов пен Арзыхан Даванова. Олар 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 4,2 миллион теңге көлемінде несие алып, жылыжай кәсібін қолға алған. Бүгінде олар шағын ғана жер телімінде мол табыс әкелетін іс бастау арқылы ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды тиімді енгізіп отырған жастардың жарқын үлгісіне айналды.

Кәсіпкер отбасы 1,5 сотық шағын жылыжайда альбион сұрыпты құлпынай, ал 3 сотық үлкен жылыжайда сольхянг сұрыпты құлпынай өсіріп отыр. Заманауи агротехникалық тәсілдерге басымдық берген олар тамшылатып суару және гидропоника әдістерін қолданып, интенсивті жүйеде өнім алуда.

Бұдан бөлек, отбасы 8 сотық ашық аумағында мурано мен клери сорттарын, ал 10 сотық жерде таңқурайдың полька, палана және мапема сұрыптарын өсіруде. Арзыхан Даванованың айтуынша, альбион сұрыпты құлпынайдың бір түбінен шамамен 1,5 келі, ал сольхянг сұрыпынан 700 грамға дейін өнім алуға болады екен.

Кәсіпкерлердің жұмысымен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев арнайы барып танысып, атқарылып жатқан істерге оң бағасын беріп, бұл бағыттағы қолдау шаралары жалғасын табатынын жеткізді. Оның айтуынша, ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағыты бойынша ауданнан 189 жоба ұсынылып, оның 99-ы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданған. Нәтижесінде 49 жоба нақты қаржыландырылған.

Айта кетерлігі, Арзыхан Даванова құлпынайды жаңа технологиялар арқылы өсіруді Қырғыз Республикасында арнайы үш ай оқып, кәсіби біліктілігін жетілдіріп қайтқан. Қазіргі таңда ол құлпынай өнімдерімен қатар, құлпынай көшеттеріне де алдын ала тапсырыстар қабылдап, сатылымға шығарып отыр. Өнімдерінің негізгі тұтынушылары – Меркі ауданының тұрғындары мен жергілікті жеміс-жидек дүкендері.

Жаңашыл көзқараспен, қажырлы еңбекпен және үздіксіз ізденіспен кәсібін дөңгелетіп отырған жас отбасы ауыл шаруашылығындағы отбасылық кәсіптің озық үлгісін көрсетуде.