«Ауыл аманаты» жобасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Ел экономикасындағы басым салалардың бірі – ауылшаруашылығы. Ауылдық жерлерде Қазақстан тұрғындарының 38 пайызы тұрады, бұл шамамен 7,6 миллион адамды құрайды. Ауылды жерлерде жаңа жұмыс орындарын құру және кірістерді арттыру мемлекеттік саясаттың басым міндеттері бірі болып табылады. Осы орай, Президенттің тапсырмасы орындау аясында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылды. Бұл «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына кіретін бірегей бағдарлама. Бағдарлама бүгінде көптеген адамдарға өз бизнесін бастауға, оны дамытуға, өз өңірінің дамуына үлес қосуға мүмкіндік ашуда, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы кәсіпкерлікті дамыту үшін, оның ішінде мал шаруашылығы және ауылшаруашылығы салаларында жеңілдетілген несие беру арқылы ауылдық жерлер мен шағын қалалардың тұрғындарын қолдауға бағытталған. Несиелер жылдық 2,5 пайызбен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал ауылшаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін-8 мың АЕК-ке дейін құрайды.
2025 жылы жаңа шағын несие беруге және 8,1 мың жұмыс орнын құруға 50 миллиард теңге қарастырылған. Рәсімдердің ашықтығын, өтінімдерді өңдеуді біріздендіруді және деректердің егжей-тегжейлі мониторингін қамтамасыз ететін микрокредиттеудің ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда. Жүйе мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланатын болады, бұл бағдарлама жұмысының тиімділігін арттырады және өтінім беру мен кредит алу үдерісін жеделдетеді.
2023-2024 жылдары Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 120 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 107,9 миллиард теңге сомасына 16,2 мыңнан астам шағын несие беруге мүмкіндік берді, 17,8 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері өңірлерде 540-тан астам ауылшаруашылығы кооперативтері құрылды, олардың 537-сі 12,1 миллиард теңге сомаға қаржыландыруды алды.
Бағдарламаның негізгі элементі облыс әкімдіктеріне қосымша бюджет қаражатын тартпай, кәсіпкерлікті дамыту және кірісті ұлғайту үшін ауыл тұрғындарының шағын несиелерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беретін револьверлік кредиттеу тетігі болып табылады. Қарыз алушылар револьверлік әдіспен қайтарған қаражат есебінен қосымша 7 миллиард теңге сомасына 1 мыңға жуық микрокредит берілді.
Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері қатысушылар 1,2 миллиард теңге сомасына салық төледі. Жамбыл облысы көшбасшылар қатарынан табылады.