Әулиеата өңірінде туризм қарқынды дамып келеді

0 229

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында бұл бағытта жүйелі әрі нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Президенттің айтуынша, туризм – жаһандық экономикаға ықпал ететін, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды сала. Қазақстанда экологиялық, мәдени, тарихи және іскерлік туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар екенін атап өткен Мемлекет басшысы бұл бағыттағы бастамаларды қолдаудың маңыздылығына тоқталған еді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Осы тапсырма аясында Жамбыл облысында жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірде 350-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға жол ашпақ. Биыл туристердің сұранысына толық жауап бере алатын, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған үш демалыс орны іске қосылады. Солардың бірі – жақында Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде ашылған «Көне қамал» қорғаны. Жоба аясында ұзындығы 220 метрге дейін созылған, жасанды тастармен көмкерілген көркем қорған бой көтерді. Ортағасырлық сәулет үлгілерімен үйлестірілген бұл нысан алдағы уақытта түрлі мәдени іс-шаралар мен қолөнер көрмелерін ұйымдастыру алаңына айналмақ.

Өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамыту да қарқын алған. Қазіргі таңда облыстағы 40 туристік нысанды қамтитын 10 жаңа бағыт бойынша жолдарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Көксай Resort» демалыс орнына апаратын 19,5 шақырым жол құрылысы маусым айының басында толық аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Жамбыл ауданындағы «Таскөл» нысанына дейінгі 2,8 шақырым жол төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Алмалы» демалыс орнына апаратын 12,5 шақырым жолдың 7,5 шақырымы аяқталған, қалған 5 шақырым жол маусымға дейін толық салынады. Бұдан бөлек, екі демалыс орнына газ тарту жұмыстары да жоспарда бар. Ұзындығы 40,3 шақырымды құрайтын газ құбыры жобасы іске асқан жағдайда, туристер үшін қызмет сапасы арта түсетіні сөзсіз.

Аймақтағы туристік бизнесті қолдау да назардан тыс қалған жоқ. Қазір 18 туристік бизнес субъектісі мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Сонымен бірге, туристерге өңір туралы толық әрі ыңғайлы ақпарат ұсыну мақсатында арнайы ақпараттық терминалдар орнатылды. «Март» пен «Firkan» сауда орталықтарында, «Әулие Ата» халықаралық әуежайында және «Тараз» теміржол вокзалында орналастырылған бұл терминалдардан туристер қонақүйлер, тамақтану орындары, көлік қызметтері мен көрікті жерлер туралы толық ақпаратты «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады.

Жамбыл облысы туризмді экономиканың серпінді саласына айналдыру бағытында жоспарлы әрі тиімді қадамдар жасап келеді. Тарихы терең, табиғаты тамаша өлке алдағы уақытта да ішкі және сыртқы туристер үшін тартымды бағыттардың біріне айналатыны анық.