Ауданда іске асыратын ірі жобалар бар
Ауылшаруашылығы саласына жақсы көңіл бөлінуде. Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, 2025 жылы салада өндірілген өнімнің жалпы көлемі 56,2 миллиард теңгені құраған. Оның 19,3 миллиард теңгесі мал, 36,9 миллиард теңгесі егін шаруашылығына тиесілі, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
– Өткен жылы ауылшаруашылығы саласына тартылған инвестиция 969,2 миллион теңгені, ал, тамақ өнімдері өндірісі бойынша инвестиция 514 миллион 092 мың теңгені құрады. Ал, ауылшаруашылығы дақылдары өткен жылы 50211 гектарға орналастырылды. 15061 гектар масақты дәнді дақылдардан 11151 тонна дән жиналып, қамбаға құйылды. Гектарына шаққандағы өнімділік 7,4 центнер болды, – дейді аудан әкімі.
Жалпы, жиналған өнім 595,2 мың тонна. Ел жиі тұтынатын дақыл картоптан – 6644 тонна, көкөністен 244156 тонна, майлы дақылдардан 2828 тонна, бақша дақылдарынан 19635 тонна, жүгері дақылынан 10912 тонна өнім алынған. Ал, күзгі дала және жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу мақсатында 683 ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылса, оның 36-ы комбайн, 241-і трактор, 406-ы ауылшаруашылығы тіркемелері. Осы бағытқа мемлекет тарапынан 776,5 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп шаруашылықтарға таратылған.
Мал азығын дайындау бойынша белгіленген жоспарға сәйкес ауданда 294998 тонна мал азығы дайындалған. Оның 208978 тоннасы пішен, 19 мың тоннасы пішендеме, 48020 тоннасы сабан және 19 мың тонна сүрлем.
341 гектар қант қызылшасы алқабынан 20054 тонна өнім жиналды. «Ауданда қант қызылшасын жинайтын 8 комбайын бар. Тәтті түбір баптаған 21 шаруа қожалық өнімдерін Меркі қант зауытына өткізіді. Балтамырдың гектарға шаққандағы орташа өнімділігі 588 центнерді құрады» дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, аудан аумағында 15 жылыжай жұмыс істеуде. 2025 жылы бұл жылыжайлардан 13,6 тонна қияр жиналған. Сонымен қатар, 0,06 гектар аумаққа егілген 50 мың гүл тұрғындарға сатылған. Ал, сыйымдылығы 11980 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс сақтайтын 9 қоймада азық-түлік қоры жасақталған. Бүгінгі күнде осы қоймалардың 4-де барлығы – 810 тонна өнім сақтауда тұр. Оның ішінде 650 тонна пияз, 160 тонна сәбіз бар.
– Ауданда табысты жүзеге асырылған жобаның бірі – «Ауыл аманаты». Жоба аясында 13 ауылдық округтен жалпы құны 758 миллион 200 мың теңгені құрайтын 110 жобаны іске асыру бойынша ұсынымдар берілген. Оның ішінде ауылшаруашылығы саласына қатысты 35, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласына қатысты 75 жоба бар. 2024-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобалары» аясында Жамбыл ауданынан барлығы 80 жоба қаржыландырылды. Берілген қаражат 573,6 миллион теңге. Сондай-ақ 56 жобаға 400,07 миллион теңге несие берілді. 9 ауылдық округтің азаматтары несие алып жұмыс істеуде. Ал, 2024 жылы 24 жобаға 173,5 миллион теңге берілген болатын, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Ауданда мал шаруашылығына жақсы көңіл бөлінуде. Мал басы артып, жаңа сүт және бордақылау алаңдары салынуда. Жаңа сүт тауарлы фермаларын құру (400 бастан кем емес) жоспары бойынша ауданда 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізу жоспарға қойылған. Атап айтсақ, «Момбек» шаруа қожалығы жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құрайтын 612 басқа, «AzNur Agro» АШӨК-і құны 1,8 миллиард теңге болатын 400 басқа, «Даниял» шаруа қожалығы құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын 400 басқа арналған ферма салуға ниетті.
Бүгінгі күнге «AzNur Agro» АШӨК тауарлы сүт фермасының құрылысы жүруде, «Момбек» шаруа қожалығының құрылыс жұмыстары тоқтап тұр, ал, «Даниял» шаруа қожалығы қаржы тапшылығына байланысты жобаны ағымдағы жылы іске асыруды көздеп отыр.
Ауданда көкөніс қоймаларын салу және сақтау жұмысы табысты жүргізіліп келеді. Мұнда жыл соңына дейін жобалық құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын 2 көкөніс қоймаларының құрылысы жоспарланған. Айшабибі ауылдық округі аумағындағы «Ализа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын 7 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал, екінші көкөніс қоймасының құрылыс жұмыстары жүруде.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан 500 миллион теңге несие беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал, қайта өндеу саласында 2-і инвестициялық жобаны іске асыру жоспары қойылған. Бүгінгі таңда «АТБ» шаруа қожалығының сүтті қайта өндеу бағытындағы цехы іске қосылып жұмыс істеуде. Сондай-ақ екі ірі жоба «Рыжибаев» деке кәсіпкерлігі тарапынан қолға алынған ет бағытындағы құс фабрикасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 1 миллиард теңгені құрайды.
– Ауылшаруашылығы жұмысына серпін беретін ол техника. Өткен 2025 жылы ауданда 41 ауылшаруашылығы техникасын алу жоспарланған. Бүгінгі күні жоспар 104,8 пайызға орындалды. Нақтырақ айтсақ, 43 техника алынды, оның біреуі комбайын, 42-і трактор. Сондай-ақ шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында 9 тауарлық несие берілді. «Ынтымақ», «Шерхан», «Утемгалиев», «Мансұр», «Диар», «Д.Сматов», «Алтынбек» шаруа қожалықтарының 260 бас қойы тауарлы несие түрінде рәсімделіп берілді. Сонымен қатар, мал өнімін экспорттаушылар қатарына тағы бір шаруа қожалық қосылды. Бүгінде Гродеково ауылдық округіндегі «Джумабаев Д.Д.» жеке кәсіпкерлігі Ресей Федерациясына шұжық өнімдерін экспорттауда, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.