Аудан әкімі чемпиондарды марапаттады

0 8

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов халық­аралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған спортшыларды арнайы қабылдап, марапаттады. Қабыл­дау барысында аудан басшысы спортшылардың жетістіктерін аудан абыройын асқақтатқан үлкен табыс ретінде бағалап, олардың жеңістерінің жастарға үлгі болатынын атап өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Павлодар қаласында таэквондо спорт түрінен өткен жарыста Кәусар Әлмаханбет 49 келі салмақ дәре­жесінде І орынды иеленсе, Жанайым Кенжеғұл 68 келі салмақта ІІ орынды жеңіп алды. Спортшылардың бұл жетістіктерінде олардың бапкері Шыңғыс Кеңестің де үлесі зор. Ол да осы саладағы сіңірген еңбегі үшін аудан әкімінің қо­лынан марапатқа ие болды.

Сонымен қатар, Абзал Тулыбеков 2025 жылдың 19-21 қыркүйек күндері АҚШ-тың Теннесси штаты, Люйсберг қаласында Жамбы ату спортынан өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Оның жаттықтырушысы Елдос Бадашев та аудан әкімінің арнайы марапатына ие болды.

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жеңім­паздарды құттықтап, оларға алдағы уақытта да толағай табыс, биік белестер мен жаңа жетістіктер тіледі. Сондай-ақ, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және саламатты өмір салтын насихаттау бағытындағы еңбектерін жоғары бағалап, спортшылардың табыстары жас буынның ынтасын арттыратынына сенім білдірді.

Бұл кездесу спорт саласында жетістікке жеткен жасөспірімдер мен олардың бапкерлеріне қолдау көрсетіп қана қоймай, аудан жастарын саламатты өмір салтына баулуға серпін беретін маңызды шара екені сөзсіз.