«Атырау-Астрахань» автожолын жаңғырту жұмыстары аяқталды
Республикалық маңызы бар «Атырау – РФ шекарасы (Астраханға) автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. 272 шақырымдық учаске жұмыстары 2018 жылы басталып, Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен жүзеге асырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. Әр бағытта ені 3,75 метрден тұратын екі жолақты қозғалысы бар жол салынды. Жоба шеңберінде 6 көпір, 1 жолөтпе, 60 су өткізгіш құбыр, 10 демалыс алаңдары абаттандырылған. Сондай-ақ 650 жарық тірегі орнатылып, жол пайдаланушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етілді.
Қайта жаңарту жұмыстары халықаралық стандарттарға сәйкес салынып, жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Италия, Түркия, Әзербайжан елдерінің компаниялары қатысты. Аталған жұмыстарға 650 маман және 450 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Ақтөбе (Мұғалжар) және Маңғыстау (Шетпе) облыстарынан теміржол арқылы 3,4 млн тонна инертті материал жеткізіліп, жұмыс барысында қолданылды. Инертті материалдарды тасымалдауға 50 мыңға жуық жарты вагон және битум тасымалына 2,5 мың битум тасығыш қажет болды.
Осы уақытта дейін аталған учаске арқылы жол жүру уақыты 5 сағат болса, ал қазір бүкіл маршрутты жүріп өту үшін 2 сағат кетеді. Бұл – жоба барысында салынған сапалы жол жабыны мен заманауи инфрақұрылымның нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Айта кетсек, Атырау-Астрахань автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша жұмыстардың аяқталуы аймақтың көлік инфрақұрылымының дамуына және Қазақстан-Ресей арасында байланысты күшейтіп, экономиканың дамуына және халықаралық сауданың дамуына септігін тигізбек.