Астанадан Бурабайға жаңа электр пойызы жолға шығады

0 5

Шілде айының басына қарай Астана – Бурабай курорты бағытында жаңа электр пойызы жолға шығады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі ҚТЖ-ға сілтеме жасап.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамды жаңарту бағдарламасы аясында бірінші, екінші және үшінші класстардан тұратын жаңа электр пойызын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Бұл құрам Астана – Бурабай бағыты бойынша қатынайтын болады. Пойыз алты вагоннан тұрады және 374 жолаушыға арналған.

Қазіргі уақытта құрам барлық қажетті техникалық сынақтардан өткен. Қазір Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сәйкес құжаттарды рәсімдеу аяқталып жатыр.

Пойызды жобалау барысында қолжетімділік пен инклюзивтілікке ерекше назар аударылған. Әр класста биоәжетханалар орнатылған, соның ішінде мүгедектігі бар жандарға бейімделген кабиналар қарастырылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған платформалық көтергіштер орнатылған.

Автоматты түрде ашылып-жабылатын басқыштар жолаушылардың пойызға жайлы мінуін және түсуін қамтамасыз етеді, әсіресе егде жастағы адамдар мен балалы отбасылар үшін. Әрбір орын USB порттарымен жабдықталған, бұл мобильді құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пойызда сусындар мен жеңіл тағамдар сатылатын орын қарастырылған.

Бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ Comfort+ санатындағы алты вагонды электр пойызын №6857/6858 Астана – Қарағанды бағытына іске қосқан болатын. Бұл құрам 576 жолаушыға арналған.