Астанада әскери парадқа дайындық қалай жүріп жатыр

0 237

Астанада 7 мамыр күні өтетін әскери парадқа 4000-нан астам әскери қызметші қатысады. Олардың қатарында Жамбыл облысынан келгендер де бар. Бұл ауқымды іс-шараға дайындық қалай жүріп жатқанын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі көрсетті, деп хабарлайды «Aulieatаnews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

1 сәуірден бастап Астанадағы әскери бөлімдердің бірінде өмір ырғағы өзгерді: мұнда Жеңіс парадына дайындық басталды. Парадқа 4000-нан астам әскери қызметкер қатысуда, оның ішінде 200-ден астамы – әйелдер.

Саптық алаңда колонналардың дәл қимылдары, нақты адым, барабан үні естіледі, қару-жарақ күнге шағылысып жарқырайды, ал әскери техника сапқа тізіліп, бас репетицияға дайын тұр.

Генерал-майор Мереке Көшекбаевтың айтуынша, парадқа дайындық жоспарлы түрде үш кезеңмен жүріп жатыр.

– Бірінші кезең – бастапқы. Ол жеке және бірлескен дайындықтарды әскери бөлім аумағында қамтиды. Екінші кезең – индустриялық қалашық базасында механикаландырылған колонналармен кешенді жаттығулар. Үшінші кезең – Астананың басты алаңындағы бас репетиция. Ол 3 және 5 мамырға жоспарланған, – деді ол.

Парадқа қатысу – үлкен мәртебе ғана емес, сонымен қатар зор жауапкершілік. Әскери қызметшілер қатаң іріктеуден өтті: кәсіби дайындығы, дене бітімі, саптық дайындығы тексерілді. Сондай-ақ бойы мен дене сымбатына да назар аударылды. Барлығы мінсіз болуы керек – иықтан бастап бас еңкейту бұрышына дейін.

Генерал-майор Мереке Көшекбаев бұл жолғы парад бұрынғылардан өзгеше болатынын атап өтті.

– Биыл парадтың құрылымы шартты түрде үш бөлікке бөлінеді. Біріншісі – тарихи бөлім: алаңнан Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда құрылған дивизиялар мен полктердің жауынгерлік туларын алып өтеді. Екінші бөлім – қазіргі заманғы әскери әлеуетті көрсететін бөлім. Үшіншісі – әуе көрінісі, – деді ол.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, заманауи бөлімде үш түрлі Қарулы күштердің, Арнайы операциялар күштерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, теңіз жаяу әскері, әскери полиция, бітімгерлік бөлімше, әйелдер әскери қызметшілерінен құралған «қорапшалар», аумақтық қорғаныс және әскери оқу орындарының 23 жаяу парадтық есебі өтпек.

Сондай-ақ Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері де салтанатты шеру қатарында болады.

Әрбір парадтық есеп құрамында 156 әскери қызметші болады. Парад соңында 300 музыканттан тұратын біріккен әскери оркестр дефилесі өтеді.

Генерал-майор Мереке Көшекбаев әскери қызметшілер үшін бұл – Ұлы мерекеге арналған парадтың бір бөлігі болу үлкен абырой екенін айтты.

Мысалы, ефрейтор Светлана Берлинованың айтуынша, ол бұл парадқа қатысуды 20 жылдан бері армандап келген. Ол – КЭС және ППЗ қызметінің аға маманы. Жамбыл облысындағы 01098 әскери бөлімінде, Гвардейск гарнизонында қызмет етеді. Бұл – оның алғашқы әскери парады.

– Бұл мен үшін үлкен құрмет. Бала кезімнен Отанға қызмет етуді және парадқа қатысуды армандадым. Армандадым – жеттім. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазір саптық алаңда жүргенде жүрегім дүрсілдеп, тыныс алуды да ұмытып кетемін. Бұл – арманымның орындалуы. Алдымен отбасымды құрдым – үш бала тудым. Сосын әскерге өз еркіммен, саналы түрде келдім. Армияға өткен жылы, 28 жасымда шақырылдым. 2024 жылдың желтоқсанында парад туралы хабар жеткенде бірден еріктілердің қатарына кірдім. Біз үш ай бойы өз гарнизонымызда дайындалдық, – дейді Светлана.

Светлананың күйеуі де бұрын әскери қызметші болған, қазір – азаматтық салада.

– Ол мен үшін бұл қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Балаларымды сағындым. Кішкентай қызым бар – 4 жаста. Әзірше көп нәрсені түсіне бермейді, ал үлкен ұлдарым менімен мақтанады. Отбасым үлкен қолдау көрсетіп отыр. Күнде алғыс айтып, мотивация береді, – деп толықтырды ол.

Светлана парадқа іріктеудің қалай жүргізілгенін де айтып берді.

– Ең алдымен, денсаулық пен физикалық жағдай тексерілді. Мұнда түсу үшін мықты формада болу керек: аяққа түсетін жүктемеге төтеп беру, қан қысымын көтере білу, жалпы денсаулық жақсы болуы тиіс. Сонымен қатар бой мен дене пішіні де ескерілді. Бірақ, биылғы «әйелдер қорабы» ерекше: қыздар әртүрлі бойда, әртүрлі дене бітімде. Қатысамын дегеннің бәрін дерлік қабылдады. Мұнда шын жүрекпен қатысқысы келгендер жиналды. Дене даярлығы сынағында жаттығулар, пресс және жүгіру болды. Шыдамдылық қажет. Жүктеме көп – әсіресе аяққа, – деді әскери қызметші.

Әскери қызметшілердің айтуынша, дайындық өте қарқынды, күн сайын өтіп жатыр. Бірақ жаттығулардың арқасында бәрі біртіндеп қалыпқа келіп, барлық қатысушылар өз міндеттерін сәтті орындауда.

– Бізде таңғы 6:00-де ояту, 7:10-да таңғы ас. Сосын сапқа тұрып, 8:00-де қару аламыз. Содан кейін бірден саптық алаңға шығып, 12:50-ге дейін жаттығамыз. Кейін қару тапсырып, түскі ас ішеміз де 16:30-ға дейін демаламыз. Одан кейін тағы жаттығу – жеке дайындық. Бұл жерде әркім өзінің кемшілігін түзетеді. Біз «қораппен» де, шеренгімен де, колоннамен де жаттығамыз – қарумен де, қарусыз да. Көбіне түске дейін қарусыз, түстен кейін – қарумен, – деп тізбектеді ефрейтор Светлана Берлинова.

Сапқа тұрған әскери техникалар да дайындықтан өтуде – әрі жеке, әрі колонна құрамында. Қазірдің өзінде олардың далалық жаттығуына куә болуға болады.

Бір айға жетпейтін уақытта елорда алаңымен 300-ден астам жауынгерлік, арнайы және тарихи техника өтеді. Сондай-ақ әуеге әскери авиация көтеріледі.

Генерал-майор Мереке Көшекбаевтың айтуынша, парадты Ұлы Отан соғысына қатысқан әйгілі «Т-34» танкі ашады.

– Бұл колоннаны зеңбірек тіркелген ауыр тартқыш аяқтайды. Бұл да – тарихи әскери техника. Одан кейін аты аңызға айналған «Катюша» өтеді. Бұдан кейін парадтың қазіргі заманға арналған бөлігі басталады. Мұнда заманауи қару-жарақ пен техникалар көрсетіледі. Толық көріністі көрермендер парад кезінде тамашалай алады, – деді ол.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған әскери парад 2025 жылдың 7 мамырында Астанада өтеді.

Бұған дейін, 3 қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген үлкен сұқбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 80 жылдығын атап өту 2025 жылғы мемлекеттік күн тәртібінде маңызды орын алатынын айтқан болатын. Президент осыған орай Астанада әскери парад өтетінін хабарлаған еді.