Астанада 8 наурыз қарсаңында қандай шаралар өтеді
Елордада 8 наурыз мерекесіне орай өткізілетін бірқатар мәдени іс-шара барысында көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстау салтанаты өтеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6 наурыз күні сағат 11:00-де Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханада «Анамның аялы алақаны» әдеби кеші ұйымдастырылады. Бұл күні аудан әкімдіктерінде көпбалалы аналар арасында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстау салтанаты өтеді.
Қазақ ұлттық хореография академиясында да бұл күні мерекелік концерт ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар осы күні 19:00-де М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры және Ұлттық ұлан бірлесіп көрермен назарына «Әлия» қойылымын ұсынады. Дәл осы күні сағат 19:00-де «Жастар» Сарайында «Әйелдерге тағзым» атты халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік концерт өтеді.
6-8 наурыз күндері Байқоңыр ауданының әкімі тыл еңбеккерлерін арнайы үйіне барып, Халықаралық әйелдер күнімен құттықтайды.
7-8 наурыз аралығында Сарайшық ауданында коммуналдық қызмет мамандарына қызғалдақ тарату іс-шарасы өтеді. Сонымен қатар қала көшелерінде елорданың нәзік жандыларына қызғалдақ тарату іс-шарасы ұйымдастырылады. Сондай-ақ «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде сағат 10:00-18:00 аралығында «Ана – өмірдің гүлі» көрмесі өтеді.
Ал Қуыршақ театры 7 наурыз сағат 12:00-де және 16:00-де, 8-9 наурыз сағат 12:00-де және 16:30-да «Маугли» ертегісінің қойылымын ұсынады.
Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры 8 наурыз күні сағат 19:00-де «Келіндер көтерілісі» және 9 наурыз сағат 19:00-де «Күшік күйеу» комедияларын ұсынады.
Сол сияқты Музыкалық жас көрермен театры 8 наурызда сағат 18.00-де «Театр әлемі» мерекелік қойылымын ұсынады. Сонымен қатар, М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мереке күні 18:00-ге «Брак по-итальянски» қойылымын әзірлеп отыр.
8 наурызда «Қазақстан» орталық концерт залында мерекелік концерт, «Жастар» театрында «Жанарымдағы жалғыз әуен» театрландырылған концерттік бағдарлама өтеді.
9 наурыз күні сағат 17:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық залында қазақ оркестрінің әртісі, сымқобызшы, мәдениет саласының үздігі Ботагөз Тәшімованың «Асыл қазына» атты жеке концерті өтеді.