Әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау кеңейтілді

0 8

Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесті. Маңызды жиын әскери-патриоттық тәрбиені дамыту және ардагерлер институтының әлеуетін күшейту мәселелеріне арналды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында генерал-майор Асқар Мұстабеков Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарулы күштерде тәрбие және идеологиялық жұмысты жүйелі түрде жетілдіру бағытында нақты шаралар қолға алынғанын атап өтті. Әсіресе, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

– Қазіргі күрделі әскери-саяси жағдайда ардагерлердің орны айрықша. Олар – тек өткен тарихтың куәгерлері емес, жас сарбаздарға ар-намыс, борыш пен Отанға адал қызмет етудің маңызын жеткізетін рухани тірек. Ардагерлердің тәжірибесі мен өмірлік даналығы Қарулы күштердің жауынгерлік дәстүрін сақтауға және нығайтуға зор үлес қосып келеді, – деді ол.

Жиында әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелері де қозғалды. Атап айтқанда, далалық төлемдердің қайта енгізілуі, азық-түлік үлесі құнының ұлғаюы, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне демалыс орнына барып-қайту үшін теміржол көлігімен тегін жүру мүмкіндігінің қарастырылғаны айтылды.

Сонымен қатар, 2025 жылы қабылданған жастармен әскери-патриоттық жұмыс жүргізуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілердің маңызына тоқталды. Бұл бағытта қазіргі таңда республикалық үйлестіру кеңесі құрылып, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүргізілуде.

Кездесу барысында ардагерлер әскери-патриоттық тәрбиенің мазмұнын жаңғыртып, оны тәжірибеге негіздеу қажеттігін алға тартты. Жастардың цифрлық ортада белсенді екенін ескере отырып, бұл салада заманауи форматтар мен тиімді коммуникациялық құралдарды кеңінен қолдану ұсынылды. Сонымен қатар, формализмге жол бермеу мәселесіне ерекше мән берілді.

Жиын қорытындысында тараптар Қарулы күштердің беделін арттыру, қоғамның армияға деген сенімін нығайту мақсатында ардагерлер мен министрлік арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін енгізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және қазіргі заманғы байланыс арналары арқылы жұмысты жандандыру қажет деген ортақ пікірге келді.