Әскери әдетті мектептен қалыптастыруда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұқбатында әскери қызметтің абырой-беделін арттыру мен елдің қорғаныс қабілетін нығайту мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өткен болатын. Бұл бастама бүгінде өңірлерде нақты істермен жүзеге асырылып келеді. Соның бір айқын дәлелі – Бурыл ауылындағы №6 орта мектепте жолға қойылған жүйелі әскери-патриоттық тәрбие жұмысы.
Аталған білім ошағы соңғы екі жыл көлемінде ҚР Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімімен тығыз байланыс орнатып, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда өзгелерге үлгі боларлық тәжірибе қалыптастырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Өткен аптада Бурыл ауылындағы №6 орта мектепте халқымыздың даңқты перзенті, аңызға айналған қолбасшы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған «Адал азамат. Ар-намыстың айғағы – Бауыржан Момышұлы» тақырыбындағы әскери-патриоттық форум өтті. Тағылымы мол іс-шара батыр рухын ұлықтаумен қатар, жасөспірімдердің бойында азаматтық жауапкершілік пен елге деген сүйіспеншілікті арттыруды көздеді.

Форумға ҚР Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімі ТжӘҚЖ бөлімшесі бастығының аға көмекшісі, подполковник Сабит Молдабеков, Жамбыл облысы мен Тараз қаласының білім саласы ардагерлер кеңесінің өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері, аудандық білім саласының ардагерлері, мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың бойына жоғары рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіру, патриоттық сананы қалыптастыру, Отанға адал қызмет ету идеясын дәріптеу. Форум барысында жауапкершілік, әділеттілік, бірлік, мақсаткерлік, туған жерге деген құрмет секілді құндылықтардың маңызы кеңінен сөз болды.
Мектеп директоры Құралай Үкібаева өз сөзінде:
– Патриоттық тәрбиені жүйелі ұйымдастыру – мемлекеттің маңызды міндеті. Осы бағытта елімізде 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы аясында мектептерде нақты жұмыстар атқарылуда. Біз үшін әскери бөлімдермен әріптестік – жастарды елжандылыққа тәрбиелеудің тиімді жолы, – деп атап өтті.
5513 әскери бөлім мен мектеп арасындағы 2023 жылғы 27 қазанда жасалған меморандум негізінде «Жас Бүркіт» ұлттық ұланның әскери-патриоттық қозғалысы мектепте қарқынды дамып келеді. Бүгінде бұл қозғалысқа 128 оқушы тартылған. Олардың бір бөлігі саптық дайындықпен айналысса, енді бір бөлігі қоян-қолтық ұрыс элементтерін меңгеруде. Демеушілердің қолдауымен оқушылар арнайы әскери үлгідегі киімдермен қамтамасыз етілген.
Жас патриоттар 5513 әскери бөлімінде өткен ашық есік күндеріне, Тараз қаласындағы «Даңқ» залы мен Бауыржан Момышұлы музейінде ұйымдастырылған ерлік сабақтарына, «Жеңіс» саябағындағы салтанатты іс-шараларға және «Amanat» партиясының «Қайсар» жобасы аясындағы әскери-патриоттық байқауларға белсенді қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.
Сонымен қатар, мектепте Ішкі істер министрлігінің «Жас сақшы» әскери-патриоттық қозғалысы, ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің 14157 әскери бөлімімен бірлескен «Әуе қырандары» оқу сыныптары жұмыс істейді. Ал, мектеп ауласында ашылған «Жас патриоттар» аллеясы – өскелең ұрпаққа тағылым берер тағдырлы орынға айналған.
Форум ҚР Мемлекеттік Туын салтанатты түрде алып кіруден басталып, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимннің орындалуымен жалғасты. Өнерлі оқушылардың патриоттық әндері мен билері, жас ақындардың өлеңдері көрермен көңілінен шықты. Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігін арқау еткен бейнематериалдар көрсетіліп, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында сөз алған қонақтар мектептегі әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі жолға қойылғанын атап өтіп, мектеп ұжымы мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Самат Керімжановтың еңбегіне жоғары баға берді.
Форумның практикалық бөлімінде «Жас сақшы» және «Жас Бүркіт» қозғалыстарының саптық шеруі мен қоян-қолтық ұрыс көрсетілімдері ұйымдастырылып, оқушылардың дайындық деңгейі көпшілікті тәнті етті.
Қорытындылай келе, Бауыржан Момышұлы сынды батырдың өнегелі өмірін насихаттауға арналған бұл форум жас ұрпақтың жүрегіне елге қызмет ету идеясын ұялатып, патриоттық рухты нығайта түсті. Мазмұны мен мәні терең іс-шара көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.