Әскерге шақыру және аудан келбеті – басты назарда
Бүгін Меркі аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиын барысында көктемгі әскерге шақыру науқаны мен ауданның сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері қаралды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Кеңесте аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Асан Пшаев 2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл көктемгі кезеңде ауданнан 148 азаматты әскер қатарына жөнелту жоспарланған. Қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жоспарланған 20 азаматтың орнына 21 азамат жөнелтіліп, бұл бағыттағы жоспар 105 пайызға орындалған. Қалған күштік құрылымдарға жас сарбаздарды жөнелту жұмыстары жалғасып жатыр.
Аудан әкімі Ербол Жұмабекұлы бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, ауылдық округтер бойынша бекітілген жоспарлардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді жауапты сала басшыларына нақты тапсырды.
Кеңесте қаралған келесі мәселе – ауданның сәулеттік келбеті. Құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев аудан аумағында бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың жобаларын таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасады. Алайда, аудан басшысы атқарылып жатқан істердің әлі де жүйесіз екенін айтып, бұл салада нақты нәтижелердің аздығына тоқталды. Ербол Жиенқұлов ауданның архитектуралық бейнесін жақсарту – тек көріктендіру емес, тұрғындардың өмір сапасына әсер ететін маңызды фактор екенін баса атап өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімі тазалық пен абаттандыру жұмыстарына да ерекше назар аударып, қоғамдық орындардағы тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ету бағытында барлық мекеме мен бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.