Аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленді

0 127

Облысымызда ірі көлемдегі есірткі айналымына тосқауыл қойылды. Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері арнайы операция барысында екі тұрғынды қолға түсіріп, 200 келіден астам марихуананы тәркіледі, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұл факті «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүзеге асырылды. Операцияны ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті үйлестіріп, Ұлттық ұланның №5514 әскери бөлімінің сарбаздары қолдау көрсетті. Күштік құрылымдар күдіктілерді Шу ауданының құмды алқабында жедел ақпаратты іске асыру кезінде ұстады.

Тексеру кезінде арнайы тігілген шатырдың ішінен өткір иісі бар өсімдік тектес заттар анықталды. Сараптама нәтижесі бұл заттың кептірілген марихуана екенін растады. Жалпы салмағы — 206 келі 220 грамм. Бұл — заңсыз айналымнан алынған аса ірі көлемдегі есірткі.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен (есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау және тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ұсталған екі азамат Шу ауданындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Полицейлер қылмыстық топтың өзге де мүшелерін анықтауға және есірткінің қайдан жеткізілгенін, қайда таратылмақ болғанын тексеруге кірісті.

Еске салайық, Жамбыл облысы – республика бойынша есірткіге қарсы күрес бағытында белсенді жұмыстар жүргізіп келе жатқан өңірлердің бірі. Мұндай операциялар – еліміздегі заңсыз айналыммен күрестің нақты әрі нәтижелі көрінісі.